Астанада өткен салтанатты шарада мектепті үздік бітірген ерекше қажеттілігі бар түлек Максим Цойға әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің атынан арнайы сыйлық табыс етілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Елорда әкімдігі биыл қалада 16 мыңнан астам мектеп бітіруші түлекке аттестаттар салтанатты жағдайда тапсырылып, олар үлкен өмірге жолдама алғанын жеткізді. Осы мерекелік кештің ең есте қаларлық сәті №83 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» иегері Максим Цойға байланысты өрбіді. Бұл жас түлек бұған дейін, дәлірек айтқанда 25 мамырдағы соңғы қоңырау салтанатында өзінің ұстазымен бірге вальс билеп, желі қолданушыларын тәнті еткен болатын. Ерекше білім алу қажеттілігіне қарамастан, оның өмірге деген шексіз құштарлығы, қоғамдық белсенділігі мен мұғаліміне деген шынайы ілтипаты интернетте көптеген жылы лебіздер тудырған еді.
Мектепті үздік тәмәмдаған сәтте Максимді тағы бір үлкен тосынсый күтіп тұрды. Оның табандылығы мен білімге деген құлшынысына тәнті болған Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жас жігітке қолдау көрсету мақсатында бағалы сыйлық (ноутбук) жолдады.
Желі қолданушылары жас түлекке ақ жол тілеп, Димаштың ізгі әрекетіне алғыс айтты.