Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Денесінде зорлық-зомбылық белгілері анық байқалған» - Әскерде қайтыс болған Атыраулық сарбаздың анасы жанайқайын айтты

20:11, 15 желтоқсан 2025

Атыраулық мерзімді әскери қызметкер Өмірбек Есбергенов 2024 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы әскери бөлімде қаза тапты. Марқұмның анасы Айна Есбергенова ұлының өліміне күмән келтіріп, оның кісі қолынан көз жұмғанына сенімді екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.

Анасының айтуынша, Өмірбек бала кезінен белсенді әрі еңбекқор болған. Мектепте жақсы оқып, спортқа, әсіресе футболға қызыққан. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар, 14 жасынан бастап жұмыс істеп, өз бетінше табыс тапқан.

Өмірбек Есбергенов әскерге шақырылғанға дейін Атырау индустриялық колледжінің үшінші курсында білім алып жатқан.

– Ол оқуын жалғастыра алар еді. Алайда «Отан алдындағы борышымды өтеуім керек» деп, әскерге өз еркімен аттанды, – дейді анасы.

Әскери қызмет барысында сарбаз анасымен үнемі байланыста болып, күн ара сөйлесіп отырған. Сондай-ақ жиі ақша сұраған.

– Ақшаны әртүрлі адамдардың шотына аударып отырдық. Көбіне ұлымнан алты ай бұрын әскерге келген сарбаздың шотына жібердік. Ұлым қайтыс болған соң оның банк шотын тексердік. Барлық қаражаттың сол адамның шотына түскені анықталды. Кейін бұл ақшаның командирлер мен сержанттарға берілгені белгілі болды. Алайда тергеу бұл жайтқа тиісті баға берген жоқ, – деді Айна Есбергенова.

Анасының айтуынша, ол ұлымен соңғы рет 2024 жылдың 7 сәуірінде сөйлескен. Ал 9 сәуір күні үйіне үш офицер келіп, Өмірбектің жүгіріп жүріп, жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған.

Алайда марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анық байқалған. Анасының сөзінше, ұлының өліміне қатысы болуы мүмкін адамдар қазір еркіндікте жүр.

– Бұл істің жабылып қалғанын қаламаймын. Ұлымның өлімі әділ тергелуі керек, – дейді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар