Абай облысы, Бородулиха ауылында денесінде пышақ іздері бар бойжеткеннің мәйіті табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы жағдай 13 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында орын алған. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тұрғындардың бірі өз үйінің маңынан зорлықпен өлтірілген қыздың денесін тауып алған.
Тәртіп сақшылары күдіктіні жедел түрде құрықтап, уақытша ұстау изоляторына жапты.
ПД өкілдері оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап:
«Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, ауданның 20 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады.
Алдын ала тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қаза тапқан бойжеткен мен күдікті бір-бірін жақсы таныған. Оқиға алдында олардың арасында өзара келіспеушілік туындап, арты жанжалға ұласқан көрінеді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қанды қылмыстың барлық егжей-тегжейі мен мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.