Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен видеосына қатысты түсініктеме беріп, бұл әрекетін әйел затына көрсетілген құрмет деп түсіндірді, деп жазады Alash.kz.
Депутат сөзінің басын «Даудың басы - Дәулеттің көк папкасы» деп бастап, Парламент атынан жасалған бұл құттықтау әйелінің бұрыннан келе жатқан арманын орындауға, яғни «гештальтын жабуға» бағытталғанын айтты. Депутат өз әрекеті арқылы қоғамға әйелдерді көзі тірісінде бағалап, сыйлау керектігін ұқтырғысы келгенін алға тартты.
Бұған дейін депутаттың жұбайына арнайы марапат тапсырған сәті түсірілген видео жұртшылық арасында наразылық тудырған болатын. Мұқаев мұндай құттықтау қағаздарын кез келген адам 5 мың теңгеге сатып ала алатынын және оны өздері дайындағанын ашық жеткізді.
Құттықтау 5 мамырда болған еді. Кейбір хейтерлер неге соңғы 2 күн қатты шулап кетті? Сайлау жақындап келе жатқаны ғой деп топшыладым! Міне, көк папкаға қатысты сұрақтардың бәріне жауап бердім деп ойлаймын. Мені жерден алып, жерге салып жатқандарға қайталап жазайын, бұл менің жеке құттықтауым. Парламенттің ресми құттықтауы ЕМЕС! Басшылардың қойып берген мөрі де, қолы да жоқ. Әрі ол мемлекеттік шара немесе Парламенттің отырысында жасалмады. Отбасылық достармен өткен жиында жұмыс уақыты біткен уақытта құттықтадым!
Қысқасы, түймедей нәрсені түйедей етпей, бармызды бағалай білейік!