Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дастан Мұхамедрахым, Темірлан Анарбеков, Дастан Сәтпаев»: 30 жасқа толмаған үздік 30 тұлғаның рейтингі жария болды

19:15, 05 маусым 2026

Forbes.kz редакциясы еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жас көшбасшылардың дәстүрлі «30-ға дейінгі 30» рейтингін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Тізімге кәсіпкерлік, ғылым, білім, медиа, технологиялар, өнер, шоу-бизнес, спорт, басқару және әлеуметтік қызмет санаттары бойынша үздік шыққан финалистер енді. Үміткерлерді іріктеу сайттағы ресми өтінімдер, журнал жарияланымдары, сарапшылардың ұсыныстары мен редакцияның жеке дереккөздері негізінде жүргізіліп, қатысушылардың жасы 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша есептелді. Әр санаттағы жеңімпаздардың санына шектеу қойылмаған.

Спорт санатында алматылық «Қайраттан» ағылшындық «Челсиге» ауысқалы жатқан 17 жасар футболшы Дастан Сәтпаев бар. Оның трансфері 4 миллион еуроны құрап, отандық футбол тарихындағы ең қымбат көрсеткішке айналды. UEFA Еуропа Чемпиондар лигасында «Үздік голкипер» атанған 22 жастағы Темірлан Анарбеков, Испанияның «Барселона» ФК жүйесімен келісімшартқа отырған 15 жасар Кәрім Меңдіқанов та рейтингке енді. Ал медиа бағытында халықаралық WIBA Awards 2026 сыйлығының «Үздік тревел-блогер» аталымын жеңіп алған 28 жастағы Дастан Мұхамедрахым журнал мұқабасының кейіпкері болды. Сондай-ақ бұл санатта 11 жасынан бастап аспаздық блог жүргізіп, бүгінде миллиондаған аудитория жинаған «Юный Повар» YouTube-арнасының авторы, 17 жасар Дулат Тантаев та орын алды. Тізімге енгендердің арасында Данияның Корольдік театрында қызмет ететін балет әртісі Мейрамбек Мұсақожа бар. 

Рейтингтің елеулі бөлігін технологиялар мен ғылым саласының өкілдері иеленді. Қазіргі уақытта қазақстандық жас ғалымдар әлемнің жетекші университеттерінің зертханаларында белсенді жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі — молекулалық модельдеу және жасанды интеллект бағытындағы жобалары үшін Google Research Award марапатын иеленген химик-зерттеуші Әділ Қабылда. Түрлі кәсіп пен сан алуан көзқарас иелерін біріктірген бұл тізім қазірдің өзінде қоғамдық өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналған жаңа буынның жетістігін көрсетті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар