Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда

02 ақпан 2022 169
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева әлі де жалақысыз еңбек демалысында, деп хабарлайды Alash.Press басылымы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы депутаттың көмекшісі Жанна Ермекова айтты.

Оның айтуынша, коронавируспен ауырып шыққан Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда денсаулығын қалпына келтіріп жатыр.

Сейсенбі күні ҚазТАГ агенттігі дереккөзге сүйене отырып, Назарбаеваның қазір Дубайда екенін жазған.

2021 жылғы парламент сайлауынан кейін әкесі басқаратын «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша мәжіліске өткен Дариға Назарбаева ақпаратқа қарағанда, 1 ақпан күнгі мәжіліс отырысына қатыспаған. Сейсенбі күні мәжілісте депутаттық өкілеті тоқтатылған Нұрлан Нығматулиннің орнына жаңа спикер сайланды. Бірнеше депутат Азаттыққа Дариға Назарбаеваның отырысқа келмегенін және оның қайда екенін білмейтінін айтты.

Дариға Назарбаева қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпады. 12 қаңтарда көмекшісі оның коронавирусқа шалдыққанын, Алматыдағы үйінде екенін айтқан. Назарбаевамен байланысы бар делінген Zakon.kz сайты 17 қаңтарда көмекшісіне сүйене отырып, экс-президенттің қызы ақысыз демалыста екенін жазды.

Өткен аптада Назарбаева «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес құрамына енбеген еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін басталған кадрлық ауыс-түйістер 1 ақпанда да жалғасты. Мәжіліс спикері болып Ерлан Қошанов сайланды. Бұған дейін ол президент әкімшілігін басқарған.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?