«Дала Қырандары» штабында Ұлттық ұлан өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Alash.kz
2026 жылғы 4 ақпанда «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің штабында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Жарылқасынұлы Үмбетовпен кездесу өтті.
Іс-шараға сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының Жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы, полковник Нұрлан Санжарұлы Мұхамедов пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы Сәтжан Еркенұлы Әбішев қатысты.
Кездесу жастарды азаматтық және патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналды. Жиын жастар белсенділері мен қоғамдық сектор өкілдерінің қатысуымен ашық диалог форматында өтті.
Кездесу барысында Қайрат Жарылқасынұлы Үмбетов «Дала Қырандары» бірлестігінің қызметіне жоғары баға беріп, жастарға алғысын білдірді.
«Дала Қырандарына алғысымды білдіріп, толағай табыс пен өркендеу тілеймін. Бір-бірімізді жақыннан танып-білуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын», — деді ол.
Тараптар жастар саясаты, тәрбие беру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттарында ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы уақытта бірлескен бастамаларды дамыту және тұрақты диалог орнату мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, «Дала Қырандары» штабы жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға және жастар бастамаларын қолдауға арналған ашық алаң ретінде жұмысын жалғастырып келеді.