2024 жылғы 9 сәуірде, сағат 10.00-де «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі Тайтөбе ауылына келе жатқан ағын суға тосқауыл қою жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Шараға қатысушылар еріктілердің жинау орталығы ұйымдастырылған Гейдар Әлиев көшесі, 14 мекенжайындағы бірлестіктің штабында жиналды. Бұл жерде қырандар бірнеше жасаққа бөлігеннен кейін кент бағытында жолға шықты.
Еске салсақ, «Дала Қырандары» ЖҚБ наурыз айында Қоянды ауылының тұрғындарына көмекке келген болатын. Біздің қырандар аулаларды еріп үлгермеген қардан тазарту арқылы жергілікті тұрғындардың баспаналарына қызыл судың кіруіне жол бермеді. Ал 3 сәуір күні Астанадағы гуманитарлық көмек жинау нүктесіне көмектесті. Бұл жолы қажетті заттарды сатып алуға көмектесумен бөлек, қайырымды азаматтар жіберген азық-түлік және басқа да дүниелерді сол жерде түгендеп, оларды еліміздің су басқан аудандарына одан әрі тасымалдау үшін көліктерге тиеді.
Айта кетейік, «Дала Қырандары» – Қазақстанның қоғамын түбегейлі өзгертуге дайын белсенді әрі мақсатты жастардың басын бір жерге тоғыстыратын жастар қоғамдық бірлестігі.