2025 жыл Қазақстан үшін жай ғана дипломатиялық кездесулерге толы кезең емес, күрделі әрі тәуекелі жоғары саяси шешімдер қабылданған жыл болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы сыртқы саясатта да, ішкі басқару жүйесінде де бірқатар маңызды қадамдарға барды. Халықаралық аренада «орта держава» ретіндегі позицияны айқындау, сондай-ақ ішкі саяси жүйені қайта құрылымдауға бағытталған шешімдер қабылдау – мұның бәрі 2025 жылды саяси тұрғыдан ерекше кезеңге айналдырды.
Осы орайда біз философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы, халықаралық сарапшы Жанат Байжомартұлы Момынқұловпен сұхбаттасып, Тоқаевтың 2025 жылғы саяси шешімдерінің мәні мен салдарын талқылап көрдік.
– 2025 жыл Президент Тоқаев үшін жай ғана дипломатиялық кездесулер жылы емес, түбегейлі және тәуекелді шешімдер қабылдау жылы болды. Президент Тоқаевтың көшбасшылық стилі 2025 жылы қандай сипат алды деп ойлайсыз: технократиялық, прагматикалық, әлде стратегиялық?
– Расында 2025 жыл Президент Тоқаев аймақтық және халықаралық дипломатия алаңдарында біршама батыл, сақ әрі тәуекелді қадамдар жасады. Биыл қазақ дипломатиясында белсенді серпіліс байқалды, жалпы Орталық Азияда бірлесе саяси дербестікке ұмтылыс, ортақ нәтижелі шешімдер қабылданғаны анық. Тоқаев әлемдік күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, күрделі сыртқы саяси іс-қимылдарымен Қазақстанның геосаяси маневр жасау алаңын кеңейтуге тырысты.
Орталық Азияның ірі күш орталықтарымен өткен С5+ саммиттерінде Тоқаев өзін аймақтағы кәсіби, саяси көшбасшы рөлін нығайтуға күш салды. Меніңше, Тоқаевтың сыртқы саясатты басқару стилі АҚШ, Қытай, Жапония, ЕО сынды дамыған алып күштермен цифрландыру, технология, логистика, ресурстар саласында технократиялық, ал геосаяси тар алаңдарда, мысалы Ресеймен қатынастарда прагматикалық сипат алғандай көрінеді. Стратегиялық жағынан оның саясаты Қазақстанның халықаралық субъектілігін әлемге көрсетуге бағытталды. Осы тұрғыда Тоқаевтың көшбасшылық стилі биыл прагматикалық-стратегиялық сипатқа ие деп айтуға болады. Технократиялық есепке негізделген келісімдер (логистика, технология) сыртқы және ішкі саясаттағы нақты әрекеттерге қызмет етсе, басты бағыт – ұлттық қауіпсіздік, көпвекторлы саясат және институционалды тұрақтылықты сақтау сынды ұзақмерзімді прагматикалық стратегияға сүйенді.
Тоқаев биыл Қазақстанды геосаясаттағы субъект ретінде қайта бекітті деп айтуға болатын шығар: ол бір президенттей белсенділік көрсетіп, жаһандық күш орталықтарымен тепе-теңдікті сақтады; елді жаңарған глобалды геосаясат архитектурасына абайлап енгізді. Көпвекторлы саясатты нақты тәуекелдерді басқару құралына айналдыруы халықаралық хаос дәуірінде биылғы басты жетістігіміз болуы мүмкін. 2025 жылғы сыртқы саясаттағы белсенділік алдағы кезеңде елімізге 50-60 млрд доллар нақты пайда мен қайтарым әкелетін болса, аталған халықаралық жетістіктер халықтың әл-ауқатына әсер етіп қоғамның билікке деген сенімін арттыруы мүмкін.

– Жанат мырза, 2025 жыл Қазақстан үшін «стратегиялық анықталу» жылы болды десе болады. Президент Тоқаев сыртқы саясатта «Орта держава» амбициясын ашық жарияласа, ішкі саясатта түбегейлі институционалдық өзгерістер ұсынды. Президент Тоқаев БҰҰ мінбесінде және халықаралық форумдарда Қазақстанды жауапты «Орта держава» ретінде позициялады. Шын мәнінде дербес «Орта держава» бола алдық па, әлде бұл тек дипломатиялық риторика ма?
– Қазақстанның “орта күш” концепциясы конструктивизм теориясы тұрғысынан өзін–өзі ақтайтын стратегиялық жоспар. Оны жағымыз талмай барлық мінберлерден айта беруіміз қажет. Реал-политик жағдайында бұл тұжырымды іске асыруға президент те, сыртқы саяси ведомствомыз да күш салуда. Бұл концепция әзірге дипломатиялық риторикадан басталып, шынайы геосаяси сынақтардан өтіп жатыр.
Кейбір параметрлер бойынша, мысалы жер көлемі, ЖІӨ, цифрландыру, көпвекторлы дипломатия, халықаралық медиатор рөлі, ядролық қарусыздану бренді, аймақтық тұрақтылықтағы салмағы, БҰҰ алаңдарындағы белсенділігі жағынан осы мәртебеге сай келеміз. Бұл нағыз орта күш дипломатиясының классикалық белгілері. Ал кейбір әскери-қауіпсіздік қуат шектеулері, технологиялық даму деңгейі, экономикалық тәуелділік деңгейі, геосаяси қысымдар, әлеуметтік теңсіздік, ішкі реформалардың толық аяқталмауы Қазақстанның толық, дербес орта державаға айналуын шектейді.
Қазақстан «орта державаға» толық айналды деп айтуға әлі ерте болғанымен еліміздің бұған толық әлеуеті бар. Мұндай мәртебеміз геосаясатта белгілі деңгейде мойындалған, бірақ әлі де ұстанымын іс жүзінде толық шегелей алмаған «орта держава статусына ұмтылған» мемлекет деген дұрыс шығар.
– Қараша айындағы Вашингтон сапарында Президент АҚШ-пен критикалық минералдар саласында стратегиялық әріптестік орнату туралы шешімге келді. Бұл шешімді Қытай мен Ресейдің шикізаттық монополиясына қарсы жасалған «тәуелсіздік актісі» деп бағалауға бола ма? Бұл шешім ұлттық мүдде тұрғысынан қаншалықты ақталған?
– Меніңше Тоқаевтың АҚШ сапары барысында минералдар бойынша келісілген жобалар қолда бар ресурстарымызды қымбат бағаға сату, халықаралық нарыққа шығару мен жеткізу тізбегіне қосылу үшін маңызды болды. ЕО мен Жапония да қызығушылық білдіргені үлкен өзгеріс. Минералдар Қазақстан үшін тек экспорттық тауар ғана емес, сонымен қатар, өнеркәсіптік даму құралы бола алады. Дұрыс стратегия құрылса, Қазақстан минералдарды шикізат экспортының тағы бір көзіне емес, тәуелсіз технологиялық даму тұтқасына айналдыра алады. Еліміздің шынайы күші ресурстарды шығарып өңдеу, сату, жеткізу айналасында өз өнеркәсібін құру құқығында жатыр.
Бұл қадамды толық «тәуелсіздік актісі» деп айту асыра бағалау болғандықтан мұны Қазақстанның осы стратегиялық маневрі мен тәуекелдерді әртараптандыру талпынысы деп қабылдау қажет шығар. Бұрын Назарбаевтың дәуірінде Қытай мен Ресей минералдар мен сирек ресурстар саласында аз көрінетін еді. Қазір барлық күштер осы ресурстарымыздан дәмелі әрі белсенді. Ресей және Қытай да елімізбен ресурстық, логистикалық және энергетикалық тығыз байланыста екені рас.
Бұл өте маңызды стратегиялық шешім геооэкономикалық тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп, технологиялық әріптестер санын кеңейтуге мүмкіндік береді. АҚШ пен Батыспен байланыс Қазақстанның келіссөз мүмкіндігін күшейтіп, геосаяси балансты сақтауға көмектеседі. Ұлттық мүдде тұрғысынан бұл әртараптандыру, тәуекелді басқару және сыртқы маневр кеңістігін ұлғайтпақ. Бұл – Ресей мен Қытайға қарсы қадам емес, Қазақстанның көпвекторлы саясаты шеңберінде экономикалық пайдаға есептелген ұлттық мүдде шешімі.
– Президент Тоқаевтың Ашхабад пен Нью-Йоркте БҰҰ жанынан Халықаралық Су Ұйымын құру туралы шешім қабылдап, бастама көтеруін қалай бағалайсыз? Бұл шешім – Қазақстанды «климаттық дипломатияның» көшбасшысы етуге бағытталған стратегиялық қадам ба, әлде Орталық Азиядағы су дағдарысы алдындағы шарасыздықтан туған амал ма?
– Су мәселесі жаһандық саясаттың ең маңызды бөлігіне айналған кезеңде Тоқаев әрі экологиялық, әрі су ресурсын басқару тақырыптарында Орталық Азияның ең маңызды, үлкен проблемасын қамтитын ұсыныстар білдірді. Бұл елдегі, аймақтағы стратегиялық қажеттіліктен туындаған президенттің қисынды қадамы. Қазақстан аймақ елдерімен климаттық дипломатияда ортақ позициясын күшейтіп, халықаралық беделін арттырып, су қауіпсіздігін жаһандық күн тәртібіне шығарды. Орталық Азиядағы су тапшылығының ушығуы, трансшекаралық даулар қаупі Қазақстанды әрі көрші елдерді белсенді әрекетке итермелеп отыр. Сондықтан бұл шешім арзан бедел жинау емес, қауіптің алдын алуға бағытталған стратегиялық ниеттен туындаған ұлттық саясат.
– АЭС құрылысы бойынша Тоқаев бір ғана мердігерді таңдаудан бас тартып, «Росатом» басқаратын, бірақ Қытай, Франция және Корея компаниялары кіретін халықаралық консорциум құру туралы шешім қабылдады. Сіздіңше, бұл шешім геосаяси қысымды шынымен теңгерді ме, әлде жауапкершілікті ұжымдық түрде жабу ма?
– Меніңше халықаралық консорциум құрылғаны қисынды болғанымен, неліктен тек шығыс көршілеріміз ғана АЭС салатын болды? деген сұрақ халықты мазалайды. Бұл үлкен қаражатты қажет ететін қымбат жобалар туралы қоғам жағдайды анық түсінгісі келеді. Геосаясатты теңгеру үшін Жапония, Франция мен Оңтүстік Кореяны қазіргіден де жақынырақ тартып, белсене қатыстыру қажет еді. Тоқаевтың осы күрделі шешімі ең алдымен энергетикалық қауіпсіздікке және геосаяси қысымды теңгеруге бағытталған прагматизм сияқты. Бір ғана мердігерді таңдау Қазақстанды бір державаның саяси–технологиялық ықпалына тәуелді етер еді. Ал Ресей мен Қытай бастаған, демократиялық елдер қосылған көпұлтты консорциум ықпал орталықтарын түрлендіреді; технологиялық және қаржылық тәуекелдерді бөліп, қауіпсіздік стандарттарын арттыруы мүмкін. Сұрақтар көп. Жобаның саяси емес, халықаралық техникалық сипат алуы маңызды. Сонымен бірге, ірі көршілеріміз басым позицияға ие мұндай консорциум күрделі шешім қабылдау мен жауапкершілікті бөлуді қиындатуы мүмкін. Бірақ жалпы алғанда, бұл шешім тәуекелді басқарудың және геосаяси қысымды теңгерудің саналы стратегиясы деп бағалауға болатын шығар.
– Егер 2026 жылы аймақтағы ірі геосаяси қақтығыстар (Ресей-Украина немесе Таяу Шығыс) ушыға түссе, Тоқаевтың қазіргі «стратегиялық теңгерімдеу» саясатының ресурсы қаншалықты жетеді? Қазақстан қай векторды құрбан етуге мәжбүр болуы мүмкін? Егер сондай жағдай болатын болса?
– Біздің қоғам соңғы төрт жылда онсыз да қиын геосаяси жағдайдың ақпараттық, моралдық, экономикалық зардаптарын сезініп келеді. Меніңше Тоқаев соңғы үш жылда белсене әрекет етіп, сіз айтқан стратегиялық теңгерімділікті сақтауға тырысуда.
Егер 2026 жылы Шығыс Еуропа соғысы немесе Таяу Шығыс шиеленісі күшейсе, Тоқаевтың «стратегиялық теңгерімдеу» саясаты қысымға ұшырайды. Қазақстан ең алдымен қауіпсіздік пен экономикалық тәуелділік тұрғысынан Ресей бағытында сақтықпен әрекет етіп, шектеулі мағынада «икемделуге» (санкциялар, транзит, қауіпсіздік форматтары) мәжбүр болып, Батыспен және Қытаймен тепе-теңдікті сақтауға ұмтылуы мүмкін. Басты құрбандық – белгілі бір дәрежедегі маневр еркіндігі алаңының тарылуы болуы ықтимал; алайда көпвекторлы саясат сақталады, прагматикалық қайта бейімделу сценарийі орын алуы мүмкін. Биылғы дипломатиялық белсенділік Қазақстанға стратегиялық маневр кеңістігін кеңейтуге көмектесе алса, еліміздің болашағы үшін осы жыл сәтті болған деген сөз.
– Жалпы алғанда, Тоқаевтың 2025 жылғы саяси шешімдері Қазақстанды реформаланатын мемлекеттен институционалдық тұрақты мемлекетке жақындатты ма? Мәселен, Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру туралы саяси шешімі туралы ойыңыз қандай?
– Тоқаевтың сыртқы саясаты Қазақстанның халықаралық, әрі ішкі болжамдылығын да арттырды деп айтуға болатын шығар. Бір палаталы жүйеге көшуіміз әрі ішкі саяси трансформация, әрі құрылымдық даму тұрғысынан қажет болды. Бір палаталы жүйеге көшу мемлекеттік аппаратты жеңілдетіп, шешім қабылдаудың жылдамдығын арттырса да, плюрализм тетіктерін қысқартады. Яғни бұл институционалды тұрақтылыққа үлес қосқанымен, демократиялық тепе-теңдікті шектеуі мүмкін.
Бұл саяси шешімдер елді реформалардан институционалды тұрақтылыққа жақындату мақсатты бұл процесс толық аяқталған жоқ, енді қарқын алуда. Бұл өзгеріс саяси сипаты бар институционалды реформа қадамы сияқты. Былтыр ғана бас идеологымыз саяси реформалар пакеті аяқталды дей келе, тағы да саяси реформаға ұқсас үдеріс басталып отыр. Мұны саясаттану тұрғысынан қалай түсінуге болады? Меніңше, бір палаталы парламент соңғы бес жылдағы оқиғаларға талдауға сүйеніп, ел болашағын айқындайтын мемлекеттік саяси жүйеге жаңа серпін беруі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік аппарат “артық адамдардан” тазаланады, бірақ заң шығару процесінің сапасы мен пікір алуандығы қысқаруы ықтимал. Сол себепті бұл қадам институционалды тұрақтылыққа үлес қосса да, демократиялық балансты әлсірету, орталықтандыруды күшейту тәуекелін де бірге әкеле ме деген күмәнім бар. Қысқаша айтқанда, бұл реформа заң мен шешім шығару тиімділігі мен саяси басқаруды жақсартуы мүмкін, бірақ толыққанды демократиялық өкілдік пен бақылау жүйесін шектеуі де мүмкін. Жылдамдық артып, шешім сапасы түспейді ме деген сұрақ бар. Сөз соңында тағы да болашақ парламентті Түркі мемлекеттері ұйымының саяси дәстүріне сай “Ұлттық Мәжіліс” деп атауды қайта ұсынамын. Осы идеяны ең алғаш мен ұсынғанмын.
– Жанат мырза, жоғарыда аталған шешімдердің жиынтығын (БҰҰ, АЭС, Парламент, C5+1) таразылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қызметін қалай сипаттар едіңіз: Бұл «Дағдарыс менеджерінің» амалсыз қадамдары ма, әлде «Стратегиялық Архитектордың» ұзақ мерзімді жоспары ма?
– Жалпы 2025 жылғы саяси қадамдарын ескерсек, Тоқаевтың әрекеттерін «Стратегиялық aрхитектор» ретінде бағалауға болады. Тоқаевтың көптеген шешімдері бір–бірімен байланысты, ұзақ мерзімді институционалды және геосаяси теңгерімді мақсаттарға бағытталған. Парламент реформасы – ішкі мемлекеттік басқаруды, болашақ саяси жүйені тұрақтандыру, АЭС келісімдері – геосаяси қиын болса да энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, БҰҰ саясаты мен құндылықтарын қолдау елдің халықаралық позициясын нығайту, C5+1 саммиттерін белсене қатысуы – аймақтың бірлігі мен қауіпсіздігі үшін қажетті қадамдар болды. Яғни, 2025 жылғы саясаттың ерекшелігі – геосаяси, экономикалық дағдарысқа жауап берумен қатар, ұзақ мерзімді стратегиялық құрылымдарды қалыптастыруға бағытталған жоспарлы саясат деп айтуға болады. Әрине басты критерий – халықтың әл-ауқатына жағымды әсерлері болуы тиіс. Енді ішкі саясаттың назарын тіл, дін, жыныс сияқты мәселелерден экономикалық проблемаларды шешуге, прагматикалық даму тақырыптарына бұру аса маңызды болмақ. Халық ютубтан да, халықаралық саясаттан да шаршады. Келесі кезеңде ішкі даму мәселелері мен экономика басты назарда болуы тиіс.
Сонымен, Тоқаев 2025 жылды болашақта елдің тұрақтылығына пайда әкелетін стратег рөлінде өткізіп, қысқа мерзімді дағдарыстарды басқарумен қатар, ұзақмерзімді институционалды және геосаяси негіздерді қалыптастыруға ұмтылды. Дегенмен, халықаралық жетістіктердің халықтың жағдайы мен сеніміне айналу мәселесі әлі шешілмеуі бұл стратегиялық жоспардың толық нәтижесін бағалауды шектейді.
– Тұшымды шолу мен сұхбат үшін рахмет.