Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бұрынғы жігіті 12 жерден пышақтаған»: 20 жасар Дильназдың қазасына қатысты ел күтпеген ақпарат шықты (ВИДЕО)

09:27, 29 қыркүйек 2026

Семейде бұрынғы жігітінің қолынан ажал құшқан Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қанды оқиға 13 шілде күні Бородулиха ауылында болған. Бұрынғы жігіті көшенің қақ ортасында 20 жастағы Дильназға 12 жерден пышақ сұғып, ажал құштырған. Алғашқы сот отырысында оқылған айыптау актісіне сәйкес, жастар арасындағы кикілжің кезінде қыз бен жігіт бір-бірін шапалақпен тартып жіберген. Ашуға булыққан күдікті марқұмның мойын тұсын пышақпен орып түскен. Ал бойжеткеннің денесіне жалпы жиыны 16 мәрте пышақ салынған. Күдікті — марқұммен Бородулиха ауылындағы мектептердің бірінде қатарлас сыныпта оқыған бұрынғы жігіті. Ол ҚР ҚК-нің адам өлтіру бабымен айыпталып, қолына кісен салынып сот алдына жеткізілді.

Іс сотқа жеткенімен, жалғыз перзентінен айырылған марқұмның ата-анасы тергеудің жан-жақты жүргізілмегеніне наразы болып, әділдік талап етуде. Дильназдың әкесі сараптамада көрсетілген ауыр бас жарақаты қандай затпен жасалғаны жұмбақ күйінде қалғанын айтты.

«Бұл жерде тергеу дұрыс болған жоқ. Біз қанағаттанған жоқпыз. Басын жарған зат табылған жоқ. Оны ана пышақтың сабы деп айтты. Бірақ сарапшының жауабында ол жалпақ зат, яғни пышақты сабы емес. Пышақтың сабы қайдан жалпақ болады? Соған қарамай тергеуші істі жапты. Осындай айыптаушы актімен келіспейміз», — деді марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан.

Қаралы отбасы істі «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабымен саралауды талап етіп, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған.

«Біз 99-баптың екінші бөлігін сұрадық. Адамды аяусыз суық қарумен ажал құштырды. Ми жарақатын алды. Ал өзі денесін жолдың үстіне лақтырып, кетіп қалған. Құзырлы органдар оны жылы төсекте ұйықтап жатқан жерінен қолға түсірді. Бұл асқан қатыгездікпен жасалған қылмыс деп санаймыз», — деді марқұмның анасы Динара Атаева.

Сонымен қатар, ботадай боздаған ата-ана соттың ашық өтуін талап етуде. Себебі қазіргі таңда БАҚ өкілдеріне тек үкім жарияланатын сәтке өзге қатысуға рұқсат берілген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар