Ниғматулиндер әулетінің үлкені – Арғын Ниғматулинге қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Атап айтқанда, бұл қылмыстық істің бас прокуратураға қашан берілгені белгілі болды, деп жазады alash.kz.
“Қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 186-бабы тәртібінде 7 желтоқсанда Бас прокуратураның өндірісіне берілді. Сондықтан тергеу барысына қатысты пікір білдіре алмаймыз. Бірақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 65-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бізге тек іздеу жұмыстары жүктелгенін атап өткім келеді. Яғни, аталған адамды іздеу шараларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүзеге асырып жатыр. Іздеу жалғасуда, алайда, өкінішке қарай, бұл жөніндегі ақпаратты жариялай алмаймыз. Себебі бұл күдіктінің жасырына түсуіне ықпал етуі мүмкін”, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Еске салайық, қадағалау органы Арғын Нығматулинге және Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Соталды тергеп-тексеру шеңберінде А.З. Нығматулин күдікті деп танылды, сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды және ол Қазақстаннан тыс жерде болуына байланысты іздеу жарияланды», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеп жатқаны хабарланды.
dalanews.kz сайтының жазуынша, бұл іс биыл 3 наурызда Астанада тіркелді. Іздеуге бастама жасаған - прокуратура.
Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин - Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.
Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылы сәуірден 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.