Рим папасы Франциск 2022 жылы Қазақстанға жасаған апостолдық сапары барысында елімізге жылы лебізін білдіріп, Қазақстанның бейбітшілік пен дінаралық келісімді нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. Бұл туралы ALASH.KZ мәлімдейді.
Ол Қазақстанды «кездесулер мен диалогтардың елі» деп атап, оның ядролық қарудан бас тартуын және экологиялық саясаттағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
Қазақстан халқы ертеңгі күнге ашық. Өзінің конфессияаралық және мәдениетаралық ерекшелігі арқылы бүкіл әлемге үлгі көрсетіп отыр».
— Папа Франциск
Сапарынан кейінгі жалпы аудиенциясында Франциск Қазақстанды «кездесулер елі» деп атап, онда 150-ге жуық этнос пен 80-нен астам тілдің бейбіт қатар өмір сүріп жатқанын айтты.
«Бейбітшілікті бір рет орнатып, мәңгіге сақтап қалу мүмкін емес, оны күн сайын қайтадан орнатып отыру қажет. Бұл түрлі этностар мен діни дәстүрлердің қатар өмір сүруіне, толыққанды дамуға, әлеуметтік әділеттілікке де қатысты. Қазақстанның бауырластық, диалог пен түсіністік жолында одан әрі дами түсуі, басқа халықтармен, ұлттармен және мәдениетімен ынтымақтастық көпірлерін орнатуы үшін барша жұрттың бірлескен күш-жігері қажет»”,- деді ол өз сөзінде.
Ол бұл әртүрлілікті елдің географиялық және тарихи ерекшеліктерімен байланыстырып, Қазақстанның дінаралық диалогты дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, ол Қазақстандағы католик қауымымен кездесіп, олардың сенімге деген беріктігін және қуанышты рухын атап өтті. Франциск бұл шағын, бірақ сенімді қауымның ашықтығы мен Қасиетті Рухтың жетелеуіне сенім артатынын айтты.
Осылайша, Рим папасы Франциск Қазақстанды бейбітшілік пен дінаралық келісімнің үлгісі ретінде көрсетіп, еліміздің халықаралық аренадағы рөлін жоғары бағалады.
Естеріңізге сала кетейік, Рим Папасы Франциск 89 жасында дүниеден өтті.