Оның айтуынша, есепті мерзім ішінде 41 тексеру, 134 талдау жүргізіліп, 344 заң бұзушылықтар анықталған, 8 сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталып, оның 5-еуі сотқа жолданған. Нәтижесінде 53 мың азаматтың құқықтары қорғалды. Кінәлі адамдар әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекет пайдасына 291 млн. теңге өндірілді, 372 млн. теңге сомасындағы мүлік қайтарылды.
Прокуратура еңбек заңнамасының сақталуына да ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл салада 20 мыңнан астам жұмысшылардың құқықтары қорғалды, 610 жұмысшыға 50 млн. теңгеге жуық жалақы төленді, ұжымдық шарттар сәйкестендіріліп, олардың құқықтарын шектейтін заңсыз актілердің күші жойылды, жалақыны индекстеу жасалды және т.б.
Өткен жылдан бастап прокуратура органдарының бастамасы негізінде «Заң керуені» акциясы бойынша өңірдегі құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шалғайдағы ауылдардағы екі жүзден астам адам жеке қабылдауға келді. Сол жерде 50-ден аса азаматтың мәселелері шешілді. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады.
Сонымен қатар, прокуратура 342 мың гектар пайдаланылмаған жайылымдық жерлерді анықтап, мемлекетке 29 мың гектар жер қайтарылған. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.
Ауыз су тарифтерін көтеру фактілері де белгілі болыпты. Мәселен, Бөкей ордасы, Теректі, Бәйтерек аудандарының 6 мыңға жуық тұрғыны 1 текше метр ауыз суға бекітілген 90 теңгенің орнына 200-ден 300 теңгеге дейін төлеп келген. Прокуратураның араласуымен бұл заң бұзушылық жойылды.
-Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен 474 бизнес субъектісін қорғадық. Осы бағытта біз «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынас орнаттық, осы алаңда бизнес өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізілуде. Осындай кездесулердің бірінде білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтері үшін кәсіпкерлер алдындағы 288 млн. теңге сомасындағы қарызды өтеуге қол жеткізілді, - деді С.Шалабаев.
Облыс прокурорының дерегінше, өңірдегі қылмыс деңгейі 24% - ға төмендеген (3287-ден 2511-ге дейін). Көше қылмыстары, яғни тонау 65%-ға, ұрлық 35%-ға, бұзақылықтар 18%-ға азайған. Соңғы үш жылда алаяқтық 21%-ға кеміген.
Сондай-ақ, бірқатар резонанстық істер бойынша үкім шығарылды. Алқабилердің үкімімен кәсіпкерді өлтіру туралы шулы іс бойынша кінәлі адамдар 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сепаратизм үшін 2 адам нақты бас бостандығынан айыруға сотталды. Бұл адамдар интернеттегі «Рулетка» деп аталатын бейнечатта еліміздің кейбір шекаралас аймақтарының Қазақстанға тиесілігіне күмән келтірген.
-Осыған байланысты, облыс тұрғындарына ұлттық алауыздықты қоздырып, үгіт-насихат жасағаны немесе Қазақстан Республикасының біртұтастығын бұзуға шақырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын жеткізгім келеді. Бұндай қылмыстар үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, -деді облыс прокуроры.