Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

БҚО әкімі Жайық жастарымен еркін форматта жүздесті

04:39, 11 тамыз 2023 212
Халықаралық жастар күніне орай облысымызда “Jaiyq jastary” фестивалі өтуде. БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өңіріміздің әр аймағынан келген жастарымен кездесу өткізді.

-Туған қаламыздың орталық алаңында, Халықаралық жастар күні қарсаңында Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Тәуелсіздік алған кезден бастап уақыт өткен сайын еліміз жаңа белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жетуде. Бұл істерге жастардың қосып отырған үлесі де зор. Қазіргі жастар өз Отанының патриоты, бәсекеге қабілетті, отансүйгіш азамат ретінде қалыптасып келеді. Өйткені, Жаңа қазақстанның жастары —ел дамуы жолында бар білімі мен күш қуатын сарқа жұмсап, әр түрлі салада өздерін жан-жақты танытып жүр.

Біз бүгін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Жастар күні қарсаңында «Жайық жастары» фестивалінің ашылуына жиналып отырмыз. Фестивальде әр бағыт бойынша жастар баптарын сынап, әр саланың жас үздіктері аталып, марапатқа ие болады. Мұндай байқаулар Сіздерге өз мүмкіндіктеріңізді байқауға, қолдарыңыздан не келеді, не келмейді, соны білетін, шын үздік екендеріңізді дәлелдейтін керемет құрал. Осындай шаралар арқылы жастарымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына қол жеткіземіз деген сенімдемін.

Күні кеше елімізде Абай күні тойланды. Ұлы Абай атамыз "Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!" деп болашақ ұрпаққа керемет өсиет қалдырды. Әрқайсыңыздың осы өмірден өз орындарыңызды табуға тілектеспін, - деді Нариман Төреғалиұлы.



Айта кету керек, бүгінде өңірімізде жастар саны облыс халқының 20%-ын құрап отыр, оның тең жартысын ауыл жастары құраса, облыстың жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 50 мыңға жуық жас білім алуда. Облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытуда 14 жастар ресурстық орталығы, 50-ден аса жастар ұйымдары, 25 мыңнан астам волонтерлер белсенді қызмет атқаруда. Жыл сайын жастар саясатын жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржының көлемі де артып отыр. Жазғы мезгілде құрамында 1500 жасты қамтитын «Жасыл Ел» және студенттік құрылыс жасақтары белсенді жұмыс жасауда.

Өңіріміздің белсенді жастары облыс әкімімен еркін форматта сұхбаттасып, өз салалары бойынша жеткен жетістіктері және проблемалық мәселелері мен ұсыныстарын білдірді. Өңір басшысы мұндай шаралардың өткізілуі жастарымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына тигізер пайдасы көп екенін атап өтіп, жиынға қатысқан жастардың жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, сенім білдірді.

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар