Құлсары — Атырау облысының Жылыой ауданындағы қала, аудан орталығы. Қала 1939 жылы құрылып, 2001 жылы қала мәртебесін алды. Құлсары - Қазақстанның батысындағы мұнай-газ саласындағы ірі өнеркәсіптің Отаны. Мұнай өндіру деңгейін 500 миллион тоннаға жеткізген ірі ТШО компаниясының орналасқан жері.
Құлсары қаласы - былтыр су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі. 5 сәуірде қаланы су басып, үш мыңға жуық үйге залал келді. Су тасқынынан кейін баспанасыз қалған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі туындады.
Әкімдік әр шаршы метрге 200-240 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуді ұсынса, тұрғындар бұл соманы аз санап, 400 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті.
Бұған дейін "Қазақстан халқына" қорының баспасөз қызметі Құлсары қаласында 80 үйдің құрылысына 2 млрд 640 млн теңге бөлінгенін мәлімдеген. Мұнда бір үйді салуға 31 млн 975 мың теңге болатыны айтылған.
Алайда биыл тағы да су келуі мүмкін. Қазақстан бойынша Жылыой ауданы қауіпті аймақтың қатарында тұр. Жем өзенінің бүгінгі болжамына сай 223 сантиметрді құрап тұр, Қауіпті меже - 340 см. Alash.kz ұлттық порталының тілшісі суға кету қаупі бар ауыл-аймаққа барып, жағдайды көзбен көрді.
Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтөбе қаласынан көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында № 20982 әскери бөлімінен 25 әскери қызметкер және 2 бірлік техника, №28237 әскери бөлімінен 20 әскери қызметкер Жылыой ауданына көмекке келді. Сондай-ақ, Атырау облысынан 150-ге жуық сарбаз келіп, күндіз-түні жағдайды бақылауда ұстауда. Олар тиісті бөгеттерге орналастырылып, кезекшілікке қойылды.
Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қаражанов төтенше жағдай жөніндегі аудандық штаб мәжілісін өткізіп, бірінші кезекте жүзеге асуы тиіс міндеттерді талқылағанын айтты.
Жем өзені жағалауындағы ең қауіпті учаскелерге кезекшілік қою, кедергілерді жою, кей жерлерді қайта бекіту жұмыстары бойынша жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берілген. Берілген тапсырмаларды аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тікелей өзі бақылауында ұстап, су келу қаупі бар ауыл аймақтарды тексеріп жүр.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов:
Жем ауылдық округінен бастап, Аққұдық, Қойсары, Қараша елді мекендерін, “КазТрансОйл” мекемесінің қорларының бойына шолу жасадым.
Жем бойын жағалап, Ақкиізтоғай, Ақмешіт, Қазбек, Ақтөбе аумағы, Миялы, Жарқамыс елді мекендерін қарап, судың ағысын, деңгейі зерттелді.
Әуеден шолу барысында Ақкиізтоғай маңынан қазылып жатқан Көлкұдық каналы мен Қызылжар тұсынан қазылып жатқан Доралы каналы да назардан тыс қалған жоқ, деді өз есебінде.
Алайда Жылыой ауданының белсенділері биыл тағы да Құлсарыны су басу қаупі жоғары екенін айтып, жасалып жатқан бөгеттердің көмектесуі екіталай деген тұжырым жасауда.
Оған дәлел, Атырау облыстық мәслихатының Жылыой ауданынан сайланған депутаты, ҚР мәдениет саласының үздігі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Сарсембаев Сырымбек мырза Alash.kz ұлттық порталына арнайы сұхбат беріп, қауіп пен қатерді ескертіп, халыққа үндеу жасады.
Депутат өз сұхбатында мемлекет басшысына айтқан уәжін баяндады.
-Бүгінде Арқалық, Құлсары, Риддер, Кентау сияқты еліміздегі 27 моноқаланың өзекті мәселелері өте көп. Құлсары қаласының ең басты мәселесі – тұрмыстық және өндірістік лас суды тазарту қондырғыларының жоқтығы, сондай-ақ ауыз суды тазарту жүйесін салу қажеттігі. Бұл қаланың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі.
Мұнай, газ, көмір, темір және басқа да қазба байлықтар – шектеулі табиғи ресурстар. Күндердің күнінде олардың қоры таусылады. Сондықтан еліміздегі барлық моноқалалардың экономикасын әртараптандыруымыз қажет. Ол үшін Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар ең алдымен отандық шағын және орта бизнестің, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері мен тауарларын сатып алуы тиіс.
Алайда, қазіргі таңда бұл компаниялар қажетті құрылғылар мен құрал-жабдықтарды, көлік және басқа да керек-жарақтарын көбінесе шетелден әкеледі. Мәселен, “Теңізшевройл”, “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг”, “Норт Каспиан Оперейтинг” сияқты ірі мұнай өндіруші үш компанияның сатып алып отырған тауарларындағы қазақстандық мазмұнның үлесі шамамен 10%-дан аспайды. Сондықтан еліміздегі барлық ірі компаниялардың сатып алатын тауарларындағы отандық өндірістің үлесін кемінде 50%-ға, ал болашақта 100%-ға дейін жеткізуіміз қажет деп есептеймін», деді ол.
-Қазіргі таңда Жылыой ауданындағы Жем өзені қауіпті меже деңгейінде тұр. Құлсары биыл тағы суға кетуі мүмкін бе?
Биыл да қауіп бар, егер тасқын су өте көп мөлшерде келсе, жаңадан бос құм шағыл топырақтан нығыздалмаған дамбыларды жарып, астынан су кетуі мүмкін. Өте шұғыл маңызды ақпараттың бірі: Құрсайға өзекте қалған су келуі мүмкін. Бірақ ол Қамыскөлге 7 ауыл көпірінен, 5 ықшам ауданы жақтан өте алмайды, ол жақ биік. 3-ауылдан 5 ықшам ауданы да 1 метр биікте тұр.
Сондықтан 3-ауылға аз да болса қауіп бар деп есептеймін, бұл жеке өз пікірім, барынша сақ болайық. Сақтансаң сақтаймын деген, кем дегенде тасқын су қысымынан пайда болған жер асты сулары тұрғын үйлерге зиян тигізуі мүмкін.
-Неге Құлсары халқы жыл сайын су келіп қалар ма екен деп қорқып отыруы керек? Суды мүлдем келтірмей қоюдың амалдары бар ма? Әлде бұл “құдайдың ісі ме?” Қазіргі таңда жергілікті билік қандай сақтық шараларын қабылдап жатыр?
Ақты ақ, қараны қара, барды бар, жоқты жоқ деп ақиқатын айту керек, 1 жылға жуық миллиардтаған бюджет қаржысына, яғни қарапайым халықтың ақшасына салынған құм шағыл жап дамбы суды ұстай алған жоқ, астынан өтіп кетіп жатыр.
Сапалы жасалған жұмыс болса, ешкім кленка, қапшық, шифер және т.б құрылыс материалдарын ұстап жүгіріп жүрмес еді. Ауыр техникалар батып жатыр, сарбаздар, яғни балаларымыз, түн ішінде денсаулықтарынан айырылып, қапшық қаптап, салқында қатып жатыр.
Бөлінген миллиардтар қайда кетті, нақты нәтиже қайда? Неге бәрі жақындағанда жанталасып, екінші дамбы салып, бір жерді көміп, екінші жерді қазып жатырмыз?. Былтырғыдан су аз болса да, қиындықтарға тап болдық.
Жемді түп тереңдету орнына, жапты шағыл құммен көтеріп, жел күндері топырақ жұтуға душар боламыз, мыңдаған жидек, жыңғыл, қарағаш талдарды отап, алдағы екі - үш жылда үлкен экологиялық зардаптарға, онкологиялық ауруларға әкелетін, ауыл шаруашылығына, мал өсіруге үлкен қиындықтар туғызатын, құнарлы жер қабаттарынан айырылып, күндердің күнінде Жем өзені арнасы бітелетіндей теріс іс - әрекеттер орын алды деп жеке өз басым есептеймін.
Миллиардтардың махинациясынан Жем өзенінен айырылып қалсақ, бір облысқа пара - пар Жылыой ауданының тамырына балта шауып, тағдырын қыл үстінде қалдырып, экономикалық - әлеуметтік жағдайын жүз жылға кейін шегеріп, моно қаламыз мола қалаға айналып кетпесін.
Болашақты, балаларды ойлайық.
Бабалардың қалдырған мол байлығын,
Балалардың болашағы үшін сақтайық.
Сондай-ақ, алдағы уақытта бас прокуратура, антикор, ғалым мамандар жасалған дамбы бөгеттердің сапасы мен жұмсалған қаражаттардың есебін тексеру қажет деп есептеймін
Жылыой жемқор - жебірлердің жеп кететін жері емес»,- деді депутат Сырымбек Сарсембаев.
Төмендегі бейнематериалда Құлсары қаласындағы тілшіміз су басу қаупі бар ауыл-аймақтарға барып, жағдайды көзбен көріп келді. Соңғы өзгерістер бойынша, қазір Құлсары қаласын жалпы су тасқынынан қорғайтын үш үлкен дамба салынған. Жылыой ауданының әкімінің айтуынша, қауіп біраз сейілді. Алайда, жұмыстар одан әрі жалғасатынын айтып өтті.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.