Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елімізге төніп тұрған қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін шұғыл әрі батыл қадамдар жасау қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінің іргетасын толық жаңғырту басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Президент өз сөзінде еліміздің алдында тұрған міндеттердің өте ауқымды әрі күрделі екенін, бұл жағдай қажырлы да өнімді еңбекті қажет ететінін алға тартты. Осы орайда, Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің мүлдем жаңа архитектурасын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударды. Тоқаевтың пайымдауынша, қазіргі шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару процесінде жоғары кәсібилік танытып, бұрын-соңды болмаған өнімділігімен тарихта қалады. Бұған дейін Президент Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін сапалы жақсарту мақсатында «қазақ мемлекеттілігі іргетасының күрделі жөндеуін» бастайтынын жариялаған болатын. Осы ауқымды реформалар аясында Парламенттің бірлескен отырысында елде вице-президент лауазымын заңнамалық тұрғыда бекітуге бағытталған конституциялық заң жобасы қаралды. Мұнымен қоса, мемлекеттің жаңа Ата заңын әзірлеу жұмыстарымен тікелей байланыстырылатын мүлдем жаңа құрылым — Халық кеңесін құру мәселесі де ресми түрде күн тәртібіне шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негегі бағыттары мен халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты басты міндетті келесідей айқындап берді:
«Біздің басты мақсатымыз – әл-ауқатты арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, бұл көрсеткіш пен үрдістің өзін қайталанбастай ету».
Мемлекет басшысы билік тармақтарының атқарған жұмыстары мен болашақ жоспарларды айқындаудың маңыздылығын былай деп атап өтті:
«Осыған байланысты бірлескен қызметтің негізгі қорытындыларын шығаруды, алдағы даму бағыттарын айқындауды маңызды деп санаймын».
Сонымен қатар, Президент халық қалаулыларының Ата заңды реформалауға қосқан тарихи үлесіне тоқталып, олардың болашақ ұрпақ алдында мақтанышпен айтар сөзі бар екенін келесідей жеткізді:
«Сіздердің, депутаттардың әрқайсысы дерлік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Маған 2026 жылғы Конституциямен жұмыс істеуге тікелей қатысу бақыты бұйырды», — деп айта алады».