Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Біз ел үшін тер төктік": Қайрат Боранбаев "Қайрат" клубының жеңісі туралы тебірене сөз сөйледі

15:21, 27 тамыз 2025 232

Алматылық "Қайрат" футбол клубының Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев команданың тарихи жетістігін ерекше бағалады, деп хабарлайды Alash.kz.

"Қайрат" плей-офф кезеңінде сенсация жасап, "Селтикті" жарыстан шығарды. Екі кездесу де 0:0 есебімен аяқталды, ал пенальти сериясында қазақстандық клуб 3:2 есебімен жеңіске жетіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

"Біз дәлелдедік. Бұл – біздің еңбек еткен жылдарымыздың жемісі. Қазақ футболы Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалатын деңгейге көтеріле алатынын дәлелдеу үшін жұмыс істедік. Қазақ командасы осындай ауқымдағы матчтарда сабырмен, мінезбен, абыроймен ойнайтынын әрі жеңе алатынын көрсеттік. Академия, инфрақұрылым, жас тәрбиелеу ісіндегі жүйелі жұмыс ұзақ мерзімді нәтиже беретініне көз жеткіздік. Біз жанкүйерлер үшін, қала үшін, ел үшін тер төктік", – деп жазды Қайрат Боранбаев.

Оның айтуынша, "Қайраттың" бұл жетістігі қазақстандық футболдың әлеуетін айқындайды.

"Алматыға еуропалық алпауыттар келуі үшін барымызды салдық. Балаларда өз футбол арманын қалыптастыру үшін тер төктік. Қазақстанда адамдар тек уайымдап қана қоймай, мақтана алатын команда болуы үшін еңбек еттік", – деді ол.

Еске сала кетейік, 2025/26 маусымының Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің жеребесі 28 тамыз күні Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де өтеді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар