Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бишімбаевтың туысы: Бақытжан Байжановқа қатысты үкім қайта қарала ма?

19:12, 03 сәуір 2026

Салтанат Нүкенова өліміне байланысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановға шығарылған үкім кассациялық тәртіпте қайта қаралатын болды. Бұл туралы Informburo.kz порталының сауалына жауап берген Кассациялық соттар департаменті мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс кассациялық соттың өндірісінде қаралуда. Қорғаушылардың шағымы негізінде Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттан Бақытжан Байжанов пен Қуандық Бишімбаевқа қатысты материалдар алдырылған.

Дегенмен, кассациялық тәртіпте тек Байжановқа шығарылған сот шешімі қайта қаралады. Ал Бишімбаев пен оның адвокаттары тарапынан кассациялық шағым берілмеген.

Qaz365.kz порталының жазуынша, сот отырысы 14 мамырға жоспарланған. Кассациялық сатыда істі кемінде үш судьядан тұратын сот алқасы қарайды.

Еске салсақ, 2024 жылдың маусым айының соңында Байжановқа қатысты үкім заңды күшіне енген. Сот оны аса ауыр қылмысты алдын ала келіспей жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Кейін, 2024 жылдың қыркүйегінде Байжанов кассациялық шағым түсіргенімен, оны өз еркімен кері қайтарып алған. Алайда оның қорғаушысы заң бойынша мұндай өтінішті кез келген уақытта қайта беруге мүмкіндік бар екенін айтқан еді.

Соңғы мәліметке сәйкес, 2025 жылдың шілде айында Степногорск соты амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартқан. Ол кезде сотталған азамат жазасының 1 жыл 11 айын өтеп үлгерген.

Алдын ала есеп бойынша, Байжанов 2026 жылдың қараша айында бостандыққа шығуы тиіс болған. Алайда алдағы кассациялық соттың шешімі бұл мерзімге өзгеріс енгізуі ықтимал.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар