Ақмола облысының Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар саны 13-ке жетті. Соңғы мәлімет бойынша, елордадағы клиникада ем алып жатқан 48 жастағы ер адам көз жұмған, деп хабарлайды Alash.kz.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың бір бөлігі әлі де ауруханаларда дәрігерлердің бақылауында.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 26-27 ақпанға қараған түні болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, газ баллонының жарылуы салдарынан бірнеше адам бірден қаза тауып, кейін жарақат алғандардың арасынан көз жұмғандар саны артқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, дәмхана иесі қамауға алынған. Бұл оқиға өңірдегі ең ауыр қайғылы жағдайлардың біріне айналып отыр.