«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы 2026 жылғы дәстүрлі «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымдарын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстанның қоғамдық жаңғыру үдерісімен сабақтастыра зерделеу, сондай-ақ жастар арасында Алаш идеяларын кеңінен насихаттау.
Байқауға 18–35 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының және шетелдердің азаматтары, оның ішінде Отан алдындағы конституциялық борышын өтеп жүрген мерзімді әскери қызметшілер де қатыса алады. Үміткерлер байқауға қазақ немесе орыс тілінде жазылған жеке авторлық эссе немесе ғылыми мақала ұсынады.
Биылғы байқау төрт номинация бойынша өткізіледі:
– Тәуелсіздік пен мемлекет құру ісіндегі Алаш ұстанымдарының өзектілігі;
– XXI цифрлық ғасырдағы Алаш құндылықтарының сабақтастығы;
– Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және кәсіпкерлікті дамыту;
– Алаш тарихының «ақтаңдақтары».
Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде сарапшылар барлық жұмыстарды іріктеп, әр номинация бойынша үздік он жұмысты анықтайды. Екінші кезеңде іріктелген қатысушылар өз жұмыстарын таныстырып, пікірталас форматында бақ сынайды. Ақтық кезең желтоқсан айында Астана қаласында Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында өткізіліп, жеңімпаздар анықталады.
Байқаудың жүлде қоры да ауқымды. Екінші кезеңге өткен қатысушылардың әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі. Ал финал қорытындысы бойынша:
І орын – 500 000 теңге;
ІІ орын – 300 000 теңге;
ІІІ орын – 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.
Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының лауреаты төсбелгісі табысталып, олардың ғылыми еңбектері арнайы жинақ болып жарық көреді. Екінші және үшінші кезеңге қатысушылардың жол жүру және жатын орын шығындарын «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы өз мойнына алады.
Байқау жұмыстары 2026 жылғы 15 қазанға дейін қабылданады.
Қатысушылар өз жұмыстарын «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының мекенжайына (Астана қаласы, Сарайшық көшесі, 11) немесе alash.akzhol@gmail.com электрондық поштасына жолдай алады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы тарихқа, ғылымға және ұлттық құндылықтарға бейжай қарамайтын барлық жас зерттеушілерді, студенттерді, магистранттарды, жас ғалымдарды, шығармашыл жастарды және мерзімді әскери қызметшілерді байқауға белсенді қатысуға шақырады.