Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында қаза тапқан қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың денелері Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, қыздардың қаза болу мән-жайына қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазақстандық дипломаттар Әмірліктердің прокуратурасымен және басқа да құзырлы органдарымен тұрақты байланыста.
Ақжан Боханова 20 жаста, ал Жұлдыз Боханова 22 жаста болған. Туыстарының айтуынша, қыздар желтоқсан айынан бастап Шарджадағы сұлулық салонында жұмыс істеген.
Қыздар қаза болғаны белгілі болғанға дейін шамамен 10 күн бойы жақындарымен байланысқа шықпаған. Отбасы олардың өлімін кісі өлтіру болуы мүмкін деп есептеп, істің жан-жақты әрі объективті тергелуін талап еткен.
Қазіргі уақытта БАӘ құзырлы органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.