Оқиға Қарағандыда болған. Жәбірленуші анасының сөзінше, бала бұл мұғалімнен 1 жылдан бері білім алып келеді. Осы күнге дейін бала шағым білдірмеген. Десе де әкесі ұлын алып кетуге барғанда осы жағдайға куә болып, видеоға түсіріп алған, деп жазады Alash.KZ.
«Бұл біз үшін үлкен шок болды. Біз оған бір жыл бойы барып жүрдік, мұндай әрекетке барады деп ойымызға да кірмеген», – дейді анасы.
Анасының айтуынша, кейін логопед өзі хабарласқан, бірақ кешірім де, жағдайға түсініктеме де бермеген. Ата-ананың сөзінше, бала болған жайды сабырмен растаған. Оларда видеожазба да, баланың түсінігі де бар.
Пост авторы логопедтің күн сайын көптеген баланы қабылдайтынын — сабақтардың әр жарты сағат сайын өтетінін атап өтеді. Осыған байланысты ата-аналар оқиғаны жария түрде айту арқылы өзгелерді ескертуге шешім қабылдаған.
«Біз мұны жариялауды жөн көрдік, өйткені бұл логопедке келетін балалар өте көп. Сабақтар әр жарты сағат сайын, күніне ондаған бала келеді. Мұның тек біздің баламызға ғана қатысты ма, әлде басқа балаларға да болған-болмағанын білмейміз. Ата-аналар өздері шешер, бірақ мұндай жағдайдың болғанын білулері тиіс деп ойлаймын», – дейді баланың анасы.
Оның айтуынша, видеоға түсіп қалған жайт мүлде күтпеген жағдай болған.
«Ұлым үшін қатты жаным ашиды, мұндай жайтты бір жылдан кейін ғана білгеніміз қынжылтады. Ең таңқаларлығы — бәрі кездейсоқ түсірілген видеодан белгілі болды», – деп жазады әйел.
Басқа ата-аналар да баласының дәл осы мұғалімнен зардап шеккенін айтты.
Бір ата-ананың сөзінше, баласы бірінші сабақтан кейін мүлде бармаймын деп, білім алудан бас тартқан. Себебі мұғалім ұлының бетінен ұрған екен. Өзге ата-аналар да баласын енді бұл мұғалімге апармаймыз дейді.