Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бір дүниені ұғынуымыз керек! Біз ешқашан радиациядан құтыла алмаймыз!». Ядролық физика маманы Шынболат Бектайұлымен сұхбат

19:09, 16 қараша 2024 895

Уыты халқымыздың «сүйегіне сіңген» азапты атом бомбасы, өндірістен тараған түрлі радиация зардабы, зауалы жайлы ашынма сөз боз даланы  тіршілік қылған әрбір азаматқа таңсық емес. Қазір өндіріс аймағын, атом бомбасынан көкірегі қарс айырылған қу мекиен құлан түзді ғана емес, әлемнің әртарабын радиация қыспақтап тұр. Қоршаған ортаны, күнделікті тұрмыс-тіршілік тырманысын радиация элементтерінсіз елесететудің өзі мүмкін емес жайтқа айналды. Радиацияның ықпалын азайту, зиянды сәулеленуден қорғанудың  негізгі қағидаларын ескеру, ағзаны ішкі һәм сыртқы радиация уытынан сақтаудың жолдарын оқырманға түйсіндіру мақсатында бүгін біз ядролық физика маманы Шынболат Бектайұлымен сұхбат құрдық. Сұхбатта радиацияның әсері мен тұрмыстағы көрінісін көктеп өтіп, экологиялық проблемалардың ауқымдануына, ауыр ахуалына дейін сөз еттік.

Сол күні қар аралас ұсақ жаңбыр себелеп тұрды. Тимирязев көшесінің бойымен университетке беттеп келемін. Үйден қолшатырымды алмай шыққаныма физика-техникалық факультетінің іргесіне жақындағанда ғана өкіндім. Сағат тілі екіден асқанда бізді ұзын коридордың арғы жағынан жинақы, мәдениетті, қимылы ширақ, сұр кәстүм киген жас ғалым қарсы алды. Жымиған жүзі мен шапшаң қадамы жігерлендіріп, жылы әсер қалдырды. Ағайдың елгезек қалпы, құрметке құрылған әр әрекеті еңсемізді көтергені рас. Сәлем сұрасып, баспалдақпен екінші қабатқа көтерілдік те, 223-аудитория есігінің алдына келгенде тапырақтап қалдық. Ғалымның өзі де ақ қабырғада ілулі тұрған “сәулелердің заттармен әсерлесу лабороториясы” деген жалғыз ғана жазуды нұсқап, терминология мәселесін бастап кетті. 

Осылайша, Шынболат ағаймен кездесуді бірден мәселелер мәніне үңілуден бастадық. Ол кісінің “бұларға бәрін көрсетіп үлгерсем екен” деген ниеті асыға сөйлеген сөзінен, ынталы жанарынан байқалады. Мен де іштей бізді алаңдатқан сұрақтарды бүге-шүгесіне дейін сұрап үлгерсек екен деп тіледім. Физикалық аспаптардың жұмыс істеу ретімен танысқан соң, соқталы мәселе, пәрменді проблеманы зерделеуге ойыстық. Шынболат Бектайұлының өзі де “ғылымды түсінікті тілде халыққа жеткізе алатын бір адам болса, ол — журналист”, - деп көзқарасын нақтылап қойды.

– Армысыз, Шынболат Бектайұлы. Жаратылыстағы кез келген құбылыстың сәулеленумен тығыс байланысы бар екені белгілі. Осы көзге көрінбейтін сәулелердің бөлінуінен келер қауіп бар ма?

–  Кез келген радиацияның зиянын жоққа шығара алмаймыз. Сөзім ұғынықты болуы үшін, алдымен, радиацияның төрт түрі жайлы түсінік бере кетейін. Олар – альфа, бета, гамма бөлшектер мен нейтрондар. Соңғы атаған екеуі ең қауіпті санатқа жатады. Негізінде, сәулелену әсері өзіндік энергиясына, мөлшеріне және дененің қай тұсына өткеніне байланысты. Адам ағзасының құрылымы тек бір элементтен тұрмайды, соған сай сәулелер дене мүшелеріне, ағзаға әртүрлі деңгейде әсер етеді. Мысалы, көз-жанарымыз радиацияны аса ауыр қабылдайды. Саңырауқұлақ секілді формада жарылған атом бомбасына тесіле қараған аталарымыздың көре алмай қалғаны сондықтан. Жалпы, адамға зиянды радиация зардабының екі түрі бар. Біріншісі – сыртқы. Сыртқы радиация теріге әсер етеді және көзге ашық көрінеді. Екінші әрі ең қатерлісі – ішке енген радиация. Себебі, тыныс жолдары арқылы ағзаға кірген радиация сыртқа шықпайды. Ағзаны іштей улай береді.

Ұлттық Ядролық Орталық. Курчатов қаласы

– Демек елімізде радиацияның зауалынан арыла, айыға алмай отырған аймақтар әлі бар ғой?

– Бар, ең бірінші, әрине, Семей полигоны орналасқан Курчатов қаласын, киелі Абай топырағын атар едім. Кеңес Одағы тұсында, өздеріңіз білетіндей, полигон аймағында 450-ден астам атом бобасы сыналды. Жер астында жасалған жарылыстардың салдарынан жер асты сулары, тұтас ауыз су ласталды. Ауыз судың ластануы арқылы ұлт саулығына асқан зиян тиді. Одан нақты қанша жылда айығарымызды қазір тап басып айту қиын. Біз шырамытсақ та, қасіретін әлі көрерімізді ойлаудың өзі жанды жүдетеді. Бәрімізге мәлім, әлемде уран қоры бойынша Қазақстан екінші, ал кенді игеру бойынша бірінші орында тұр. Уран өндірілетін жерлерде, тау-кен істері жүргізілетін аймақтарда радиациялық фон бар. Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Өндіріс орындарында да радиация деңгейінің жоғары боларын осыдан ұға беріңіз. Сонымен қатар, Қазақстанда ядролық реакторлар да бар. Бірақ ол жерлерде радиоактивті сәулелену деңгейі қатты жоғары емес.

– Семей полигонының қазіргі ахуалы қандай?

– Қасіретті сынақ өткізілген аймақты өз көзіммен көрдім. Елдегі флора мен фауна қатты құлдыраған. Полигонның зардабын әлі күнге дейін шегіп жатырмыз. Сынақ өткізілген аймақтағы нысандарды қоршап қойған. Ғалымдар топырақтағы радиациядан құтылу мақсатында арнаулы зерттеулер жүргізіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, радиациядан құтылу үшін кемінде жүз жыл уақыт қажет. Оның өзі шамалай айтқанда.  Бірақ бүкіл дүние қаражатқа келіп тіреледі. Себебі, елге жаңа технологияларды әкеліп, білікті мамандарды тарту арқылы өнімді зерттеу жүргізуге, аймақты радиация уытынан айықтыруға болады.

Жапония. JAEA- Japan atomic energy agency

– Демек, радиоактивті қалдықтардан құтылу үшін кемінде 1 ғасыр керек пе?

– Болжам есебінде «иә». Өйткені, ядролық қарудың өзі 1945 жылы пайда болды. Оның өзіне жүз жыл болған жоқ. Физикада эксперимент бір бөлек, теория бір бөлек. 100 жыл – теориялық болжам ғана. 

– Ал радиоактивті сәулеленудің бізді қоршаған ортадағы, күнделікті тұрмыстағы көрінісін қалай сипаттар едіңіз?

– Күнделікті өмірде де радиация қоршауындамыз десек, артық айтқаным емес. Біріншіден, медициналық тексеруден өткен сайын (рентген, МРТ, КТ) сәулеленудің «сиқырына» бөленеміз. Сол себепті, рентгенге түсудің жылдық межесінен аспаған жөн. Екіншіден, үй шаруасында қолданатын цемент, гранит сияқты құрылыс материалдарында да табиғи радиоактивті элементтер бар. Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр, құрылыс пен өндіріс арқылы экономикамыз ілгерлемек. Бірақ мұның астарындағы радиоактивтерді ескергеніміз жөн. Үшіншіден, біз инновациялық дәуірдің өкіліміз, индустриалды ортада өмір сүріп жатырмыз. Кез келген технология құрылғысы қандай да бір электромагниттік жиілікте жұмыс істейді. Тұрмыста қолданылар техникада радиоактивтілік деңгейі төмен болғандықтан, зияны аз. Бірақ ұзақ уақыт онлайн тілдесу, гаджеттер мен смартфондарға, теледидар мен компьютерге телміру денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Компьютер немесе теледидар алдында көп отырып қалсаңыз, үзіліс жасап, көзді тынықтырып, денені серпілтіп, экраннан түсетін күшті азайту қажет. Микротолқынды пешті қосқан кезде де, құрылғыдан алшақ тұрған дұрыс. WiFi мен гаджеттерден электромагниттік толқын тарағанмен, гамма бөлшектермен салыстырғанда көп емес.

– Ал «атаусыз қалған» гамма бөлшектерді қайда кездестіреміз?

– Гамма бөлшектер радиациялық қауіпті аймақтар мен ядролық физикамен айналысатын үлкен зертханаларда болады. Гамма бөлшектер пайдалы элементтерде бар. Мысалы кобальт-60-та (Со) гамма бөлшектердің үлесі жоғары.

– Сонда ядролық өнеркәсіпте жұмыс істейтіндер, түрлі эксперимент жасайтындар радиациядан қалай қорғанады?

– Кез келген ядролық өнеркәсіпті ашу үшін лицензия керек. Оны бақылайтын өкілетті органдар болады. Мәселен, әлемдік деңгейдегі бақылаушы Атом қуаты халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) сияқты ұйымдар бар. Олардың қадағалауымен үлкен өнеркәсіптер ашылады. Ол жерде адамдардың жұмыс істеу принципін сөз етейік. Талап бойынша, әрбір қызметкердің, жұмысшының күнделікті алатын радиациясы 1мЗв-дан (милиЗиверт) аспау керек. Межеден аспаса да, сіз сұрап отырған жерде жұмыс істеудің қауіп-қатерінен ешкім құтыла алмайды, демек, толықтай қауіпсіз емес. Радиацияның қызметкерлерге зияны тимей қоймайды, оларға сол «зиянды қызметі үшін» арнаулы норма бойынша (тәулік негізінде) азық беріледі.

– Экология сапасы нашарлағалы, ластанудың «балалауы» салдарынан ақпараттық ортаны түрлі алып-қашпа әңгімелер жайлады.  Радиация туралы нақты мәлімет пен жалған ақпараттың ара-жігін ажыратып берсеңіз. Біздің қоғамда бұған қатысты сіз естіген қандай мифтер бар?

– Бірінші, ел арасында «телефоннан радиция бөлінетіні» жиі айтылады. Қалта смартфонының материалынан радиация бөлінуі мүмкін. Телефоннның қандай материалдардан жасалғанын білмейміз. Радиация біз үшін «жұмбақ» материал арқылы таралуы мүмкін. Бірақ оның өзі өте қиын. Себебі, бақылайтын, тексеретін атаулы ұйымдар бар. Телефон электромагниттік толқын арқылы жұмыс істесе де, оның адамға аса бір зияны жоқ.

Екінші, қазір 5G төңірегінде талқылау болып жатыр ғой. «5G-ні қосса, бүкіл адамзат радиацияға душар болады» деген секілді. Бір дүниені ұғынуымыз керек – біз ешқашан радиациядан құтыла алмаймыз! Себебі ғарыштан күнде миллиондаған бөлшектер келіп жатыр. Сол миллиондаған бөлшек біздің денемізден өтеді. Сондықтан, жердің астына, тоннельдерге тығылсақ та, құс болып ұшып, көкке көтерілсек те, иондық бөлшектер денемізден ұдайы өтуін тоқтатпайды. Таудың басына шықсам да радиация, жердің астына кірсем де радиация, осы жерде отырсам да радиация тырнағынан құтылмаймын. Тек ескерер жайт – радиацияның мөлшері. Мөлшері көбейіп кетсе, демек қауіпті. Аз болса, бақуатты, мамыражай өмір сүре беруімізге болады. Жоғарыда айттым, радиацияның мөлшері мен әсерін бақылайтын МАГАТЭ сияқты ұйымдар бар. Сондықтан радиациядан қорқудың қажеті жоқ. Радиация –шексіз тізбек.

– Алакөл ше? Алакөлдің адам бойындағы радиацияны жұтатын қандай да бір қасиеті бар ма?

Ел арасында «Радиациялық сәулелерден құтылу үшін Алакөлдің суына сүңгу керек» деген әңгімелер көп айтылып жатады. Жоғарыда айтып өткендей, радиация алған адам одан ешқашан қашып құтыла алмайды. Себебі, радиация денеге сіңіп кетеді. Бірақ салауатты өмір салтына ден қойып, ағзаның иммунитетін көтеріп, радиация төндіретін ауырудың алдын алуға болады.

– Ғылыми ортада да, ақпараттық қауым арасында да Қазақстандағы «маубас ауыл» жайлы көп айтылады. Елімізде күндеп ұйықтап қалатын ауыл бары бірнеше уақыттан бері сөз болып жүр. Ұйқыдан оянбаудың радиациямен қандай да бір байланысы бар ма?

– Ғарыштан өте жоғары бөлшекте радиация келіп жатыр. Ал жерді айналатын электромагниттік өріс сол бөлшектерді ыдыратады. Бірақ кейбір аймақтарда өрістің қамсаулығы жұқарып, тіпті өз бағытынан ауытқып кетуі мүмкін. Кейде 112-ден «жүрегі ауыратын адамдар бүгін шықпауға тырысыңыздар» деген мазмұндағы хабарламлар келеді ғой. Демек, ғарышта болып жатқан құбылыстарды бақылайтын ғалымдар бізге уақытында ескерту айтуға тырысады. Менің жеке пайымым, жаңағы ауылда ғарыш сәулелерінің ауытқуы жоғары болғандықтан, адамдар ұзақ уақыт ұйықтауы мүмкін. Немесе қазба байлықтары өндірілгендіктен радиациялық фонның артуы да ғажап емес. Бірақ оған нысаналы зерттеу, ғылыми тұрғыдан нақ дәлел керек. Біздікі жай ғана гипотеза.

– Болашақта радиацияның көбеймесе, азаймайтыны анық қой. Қазақстан халқын сіз айтқан «шексіз радиациядан» сақтап қалудың қандай жолдары бар?

– Қазақстан халқы радиациямен бүгін немес кеше танысқан жоқ. Кеңес одағына кіргеннен бері бізде үлкен кен орындары салына бастады. «Кен орыны» деген сөзге назар салыңыз.  Оның аумағында міндетті түрде радиация таралатынын түйсініңіз. Қазір елімізде дозиметрияны дамыту қажеттілігі туындап тұр. Дозиметр – сәулеленудің мөлшерін анықтаушы құрал. Дозиметр беретін мәліметті кез келген адам түсіне алу керек. Ол үшін smart дозиметрлерге көбінің қолы жететіндей жағдай туғызу керек...

– Сұхбатқа келісіп, пікір алмасқаныңыз үшін көп рақмет! Толайым табыс тілейміз.

 

Журналист: Жұлдыз ЖАМЕНКИНА

Жетекшісі: Дастан ҚАСТАЙ

 Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар