Аққағаз Досжанова – қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш дәрігер. Осы мамандығын көсемсөзші ретінде газет беттерінде насихаттаған: тазалық сақтау ережелері, жұқпалы аурулардың қауіп-қатері сияқты елге пайдалы практикалық мақалаларды жазып тұрған. «Қазақ» газетінен басқа басылымдарда да мақалалары жарияланған журналшы.
Аққағаз Досжанова 1917 жылы Мәскеуде қазақ зиялылары ұйымдастырған басқосуда «Мұсылман елдерінің азаттығы туралы» арнайы баяндама жасаған ғалым, ұлттың діні мен тілін қорғаған, езілген қазақтың жағдайын ашық айтқан саяси тұлға. Дәл осы жылы Мәскеуде 1-8 мамырда өткен бүкілресейлік мұсылман съезінде қазақ әйелінің мұқтажын айтып, оны талқыға салған қазақтың батыр қызы.
Өмірінің соңына дейін Алматыдағы І ауруханада гинеколог қызметін істеп, безгек ауруына алғашқы ем-дом ойлап тапқан дәрігер болып саналады. Бұл медициналық еңбектері «Абай», «Жас азамат», «Әйел теңдігі» газеттерінде шығып тұрған. Аталған ғылыми еңбектері өкінішке қарай, қазіргі ғылыми айналымға әлі енген жоқ, әлі де зерттеушісі жоқ.
Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы ғалым
“AIQYN” газетіне берген сұхбатынан үзінді
Alash.kz ұлттық порталы