Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бергейдің былығы әлі шығып жатыр

10:30, 04 наурыз 2022 285
«Сапарбаевтың сыйлығы» үшін ақтөбелік шенділердің басы дауға қалды. Ысырап болған 161 млн теңге бюджет ақшасын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Бергей Рысқалиевтан өндіріп алуға бекініп отыр.

Ақтөбеде үш жыл бұрын салтанатты түрде ашылған «Баспасөз үйі» қайда? orda.kz сайтының жазуынша, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, ардагер журналистер Қайнар Олжай, марқұм Нұртілеу Иманғали бастаған қоғам қайраткерлері арнайы шақыртылып, тұсаукесерін өткізген орталық қазір жоқ. Ақтөбе әкімдерінің жұмысын тізіп, мемлекеттік тапсырысты орындап отырған осындағы облыстық екі газет ұжымы қазір «қаңғып» жүр.
«Бұл 2018 жылы болған оқиға. Сапарбаевтың кезінде «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы арқылы жөндеу жасатып, «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына деп бізге сыйға тартты. «Осында отырасыңдар, әрі қарай «Журналистер аллеясын» ашамыз» деді. Артынан ол ғимарат басқа жақтағы  адамдардыкі болып шықты. Соттасып, мүліктерін түгендеді.  Бізге «ғимарат біздікі, жалдайсындар» дегесін шамамен 2,5 млн теңгеге жалға алып отырдық. 2021 жылдың қараша айында хат келді. «Коммуналдық қызмет ақысын айына 5 млн теңгеге дейін көбейтеміз» делінген. Есептегенде бір жылға 60 млн теңге шығады екен. Бізде ондай ақша қарастырылмаған. Сондықтан ол ғимаратты босатып, көшіп кеттім»,- деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС-нің директоры Раукен Отыншин.

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған тұста Бергей Рысқалиевтың үлесі бар «А-Полиграфия» ғимаратын жергілікті басылымға сыйға тартқан болып шықты. Әкімдік «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына орай ғимаратты «Баспасөз үйі» деп атап, жабдықтады. Сонымен қатар жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары үшін Ақтөбе» ӘКК АҚ-ы арқылы бюджеттен 161 млн теңге жұмсады.

Кейін Бас прокуратурының өзі Бергей Рысқалиевқа тиесілі жер телімдері мен бірнеше серіктестікті сот арқылы қайтарып берді. Экс-шендіге тиесілі мүліктер қатарында әкімдік сыйға тартып жіберген «А-Полиграфия» ғимараты да бар.  «Ғимаратты жөндеуге кеткен бюджет шығынын кімнен сұраймыз?» деген сауалымызды облыс әкімдігіне жолдадық.

Сотқа шағым түседі


Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев сотқа шағым түсірілетінін айтты. «Ақтебе Медиа» орталығы «А-Полиграфия» ғимаратынан жалдау ақысы қымбаттағаннан кейін шыққаны белгілі болды.
«Шарт талабы бойынша барлығы 1575,8 ш.м. ғимаратты жалдау құны айына 2 083,0 мың теңге болса, коммуналдық шығындарымен қоса алғанда барлығы 27254,0 мың теңгені құрады. Алайда, «А-Полиграфия» ЖШС тарапынан 2022 жылдан бастап ай сайынғы жалдау ақысы 4372,0 мың теңгеге дейін өсетіндігі жөнінде ескертпе хат берілді. Яғни, жаңа жалдау ақысы коммуналдық шығындарды есептемегенде 52464,0 мың теңге болады. Қаражатты үнемдеу үшін ұжым басқа ғимаратқа ауысты. Жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражат «Ақтөбе» ӘКК АҚ  тиесілі. Екеуінің арасында келісімшарт бар. Қарыз берген. Қазіргі таңда «Ақтөбе» ӘКК АҚ сот орындаушылармен іс-шаралар жоспарлап, «А-Полиграфия» мүлігіне, шоттарына ауыртпалық салынды. Ақшаны сот арқылы өндіріп алады»,- дейді Нұрлыбек Өнербаев.

Есептесек серіктестік 1575,8 шаршы метрдің әр шаршы метрін 2083 теңгеге жалдаған. Бұл дегеніміз ай сайынғы шығынның 3 120 000 теңге екенін көрсетеді. (1575,8х2083=3 282 391,4тг).

Әзірге Сапарбаев сыйға тартқан «Баспасөз үйі» де, ақша да жоқ. Ысырап болған бюджет ақшасы қай уақытта кері қайтарылатыны белгісіз.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар