Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара заставасында қаза тапқан сарбаз Еркебұлан Сағындықовтың өліміне қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, іс қызметке салғырт қарау және оның арты ауыр зардаптарға соқтыру бабы бойынша қаралған. Қазіргі уақытта іс материалдары танысу үшін тараптарға берілді, енді соңғы шешімді сот шығарады.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың қазан айында болған еді. Ресми нұсқа бойынша, мерзімді қызметтегі сарбазға генератор радиаторын жуу үшін бензин әкелу тапсырылған. Жұмыс кезінде жанармай иісіне уланған ол есінен танып, кейін қайтыс болған. Алғашқы ақпараттарда бұл жағдай тек қауіпсіздік ережелерін сақтамау ретінде сипатталса, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе ашық қалған болатын.
Марқұмның туыстары бұл тұжырымға үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар сарбаздың денсаулығында ешқандай ақау болмағанын алға тартып, оның өміріне қауіпті жұмысқа не себепті тартылғанын анықтауды талап етті. Отбасының табандылығы мен шағымдарынан кейін тергеу бағыты өзгеріп, командирлер құрамының іс-әрекетіне құқықтық баға берілді.