Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Белсенділер биліктен «саяси тұтқындарды» босатуды талап етті

12:55, 13 наурыз 2024 445

12 наурыз күні Алматыда бір топ азамат «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп, баспасөз мәслихатын өткізді. 

bureau.kz мәліметінше, Адам құқықтарын қорғау бюросында өткен жиынға саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова, адвокаттар Айнара Айдарханова мен Жалғас Сапарханова және «саяси тұтқын», тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов қатысқан.

Жиынды Рысбек Сәрсенбайұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған үндеуді оқудан бастады. Ол Қанды Қаңтардан кейін нағыз жауапты адамдар жазаланбай, қарапайым халық жазаланғанын айтты. Үндеуде Қаңтар кезінде Алматы «әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталып, төрт жылға сотталған аудармашы, саяси белсенді Әйгерім Тілеужан, «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша істі болып, қазір соты өтіп жатқан тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім жөнінде айтылған. 

Бұдан бөлек, үндеуде Думан Мұхаммедкәрімнің сотына барып, ақпарат таратқаннан кейін әкімшілік жазаға тартылып, 20 тәулікке қамалған белсенді Абзал Достияров және т. б қамауда отырған белсенділер жөнінде айтылған.

Баспасөз мәслихатына қатысушылар үндеуде президент Тоқаевтан «саяси тұтқындарды» босатуды, белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етті. 

– Осы үндеуді жариялау үшін өтуі тиіс баспасөз мәслихатын өткізбей тастады, тыйым салды, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Бұған дейін Рысбек Сәрсенбайұлы 9 наурызда Алматының Тәуелсіздік алаңында осы үндеуді оқып, баспасөз мәслихатын өткізбек болған. Бірақ Рысбек Сәрсенбайұлы мен Маржан Аспандиярованы полиция алаңға жеткізбей ұстап, Талғар ауданының полиция бөлімшесіне алып кеткен. Кейіннен Сәрсенбайұлының қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген. 

Маржан Аспандиярова өзін және Рысбек Сәрсенбайұлын ұстаған полиция мен ҰҚК қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етті. Ол өздерінің қауіпсіздігінде заң бойынша президент Тоқаев жауапты екенін мәлімдеді.

Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлына жала жабылғанын айтты. Ол билік жасты да, қартты да жазалап жатқанын мәлімдеді. 

– Рысбек ағаны ұстады. Бұл билік шалды да, баланы да аямайды. Қаңтарда төрт жасар Айкөркемді атып тастады. Барлығын қырды. Билік шындық айтқан адамдардан қорқатын сияқты, – деді Алмас Тілепов. 

Адвокат Айнара Айдарханова «Әуежайды басып алу» ісі бойынша сотталған Әйгерім Тілеужанның үстінен қозғалған тағы бір іс жөнінде айтты. Оның сөзінше, 107-бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір Әйгерім Тілеужан қорғануға құқылы куәгер ретінде танылған.

– Біз бұны Әйгерімнің жазасын ұзартудың амалы деп бағалаймыз. Бұл жерде 107–бап бойынша іс қозғауға келіспеймін. Негізінде мекемелер бұндай істерді мекеме аумағында шешеді. Бұл жерде бірден қылмыстық іс қозғап отыр, – деді Айнара Айдарханова.

Бұған дейін БАҚ-та қамаудағы белсенді, аудармашы Әйгерім Тілеужанның үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын жөнінде ақпарат тараған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар