Құрылтай депутаты Айдос Сарым өзінің ай сайынғы табысы мен депутаттардың еңбекақысы туралы пікір білдірді, деп жазады Alash.KZ
Құрылтай отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте журналистер депутаттардың айлығы қанша екенін сұрады.
Айдос Сарымның айтуынша, депутаттардың жалақысы еңбек өтілі мен тәжірибесіне қарай белгіленеді. Оның сөзінше, ай сайынғы табыс мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін жетеді.
«Депутаттардың еңбекақысы тәжірибесіне байланысты беріледі. 600 мыңнан 1 миллионға дейін алады. Мен 1 миллионнан сәл төмен аламын», – деді Сарым.
Журналистер депутаттан бұл қаражат күнделікті шығындарына жеткілікті ме деп те сұрады.
«Әрине, жетеді. Бақытжан Базарбек сияқты әйелімді жұмысқа шығарғам жоқ», – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Айдос Сарым депутаттардың Премьер-министрге сауал қоюына шектеу қойылды деген пікірге жауап берген болатын.