Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

БАЗАРБЕК ПЕН БАПИГЕ ҚОШАНОВ НЕГЕ ҚЫР КӨРСЕТТІ?

12:42, 11 қазан 2023 232
Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бақытжан Базарбекке ескерту жасап, Ермұрат Бапидің сөзін аяқтатпай, микрофонын өшіріп тастады. Сөйтіп, мәжіліс төрағасы өзін-өзі ұсыну арқылы бір мандаттық округтардан сайланған екі депутатқа қыр көрсетті. Ал Қошановтың өзі болса, «Аманат» партиясының төрағасы.

Әуелі Бақытжан Базарбек жайылым жерлерді халыққа әділ бөлініс жасамай отырған орталық және жергілікті шенеуніктердің аты-жөнін атауды, әйтепесе, министрді де министрліктен қуып шығатындарын ашына айтты. Тап осы «қуып шығамыз» деген депутаттың сөзіне Қошанов шамданып қалды да, бірден оны тезге салып, мәжілісте кімнің қожайын екенін көрсеткісі келіп:

«Біріншіден, депутаттық этика деген бар. Сіз қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз», – деп жайылым жерлерді халыққа әділ бөлініс жасауда жергілікті әкімдер, министрліктер, «Аманат» партиясының «Жер – аманат» комиссиясы реттеуге керек деп мәселені тарпаның түкпіріне қарай лақтырып жіберді.

Келесі кезек – Ермұрат Бапиға келді. Бапи үкіметтен тағы да қоғамның тұтастығына, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған салафизмге қатысты үкіметтің қандай да бір іс-жоспары, не істемек ойы бар екенін сұрап бастап келе жатқан депутаттың микрофоны «аяқ астынан» өшіп қалып, сөзді тағы да Қошанов алды да: «Тамара, Қасымқызы, түсінікті ғой, сұрақ, жауап беріңіз»,-деді.

Мәжіліс төрағасының «депутаттық этикаға» сүйеніп, ел ішінде өткір тұрған жер мәселесін күйініп көтерген Бақытжан Базарбекке не үшін қыр көрсетіп, ескерту бергені түсініксіз. Егер халықтың мәселесін бас ауруына айналып отырған жайылым мәселесін депутат мәжілістің мінберінен ашынып айтпаса, онда не үшін депутат болып отырады? Депутаттың үкіметке шүйілігуі орынды, өйткені жайылым проблемасын реттей алмай отырған үкімет. Қошановтың кәнігі шенеунік әдетіне салып, жайылым мәселесін үкіметке, әкімдерге, өзі басқарып отырған партияға итере салуы мүлдем түсініксіз. Сонда төраға кімді қорғаштап, елдің мәселесін күйініп айтқан депутатқа ескерту беру арқылы неге, кімге қыр көрсеткісі келеді? Бақытжан Базарбек бірнеше жылдан бері жер мәселесін ұдайы өткір көтеріп, сонымен айналысып, қоғамға нақты қызметімен, ісімен көрінген азамат. Қоғам алдындағы Қошанов пен Базарбектің ісі мен беделін салыстыру болмайтын нәрсе…

Сол сияқты Ермұрат Бапидың  сөзін аяқтатпай, микрофонын өшіріп, тастау депутаттық этикаға жата ма екен?! Бұл да өзі сұранып тұрған сұрақ. Этика үшін біреуге ескерту жасап, іле-шала өзі сол этиканы бұзған төрағаға кім ескерту жасайды?
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар