Алматыда екі айдан аса іздестірілген қыздың денесі Кеңсай зиратының маңынан табылды, - деп хабарлайды Alash.kz Massaget.kz сайтына сілтеп.
Екі айдан аса уақыт іздестірілген 26 жастағы қыздың мәйіті Алматыдағы Кеңсай зираты маңынан табылды. Телеарна мәліметінше, марқұм Айша Хамитті өзі жақын араласып келген жігіті пәтерде қылқындырып, қылмысын жасыру үшін денесін айдалаға апарып тастаған. Қазір полицейлер 19 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қаскөй кінәсін толық мойындаған, тіпті қызды мәжбүрлеп несие алғызғанын да растапты.
26 жастағы Айша Хамиттің қазасы бүкіл Қырбалтабай ауылы тұрғындарының қабырғасын қайыстырды. Айша Хамит былтыр қарашада үйінен туған күн кешіне барамын деп шығып, сол күйі оралмаған. Десе де оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырыпты
"19 жастағы бала екен. Есімі Нұрмахан деген қанішер. Кредит алдыртқан, кредиттің сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін Айша "ата-анама айтамын, полицияға арызданамын" деген. Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген", - дейді марқұмның әпкесі.
Қара жамылғандардың айтуынша, күдікті марқұмды алдымен пәтерде буындырып өлтірген, кейін денесін полиэтиленге орап сөмкеге салған, сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті.
26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы болған. Аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті.
Қазір полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген. Қаскөй қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты.
"Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр", - деді Алматы ПД өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын енді сот-медициналық сараптасы анықтамақ. Қара жамылған отбасы қылмыс жасаған сыбайластары да табылып, қаскөйлер лайық жазасын алар деген үмітпен отыр.