Қазақтың заң ғылымына еңбегі сіңген Еркін Көбеев өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстанның заң ғылымы мен білімінің дамуына зор үлес қосқан заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жоғары мектеп халықаралық ғылым академиясының академигі Еркін Көбеев 66 жасында өмірден өтті.
Еркін Көбеев заң саласындағы ғылыми зерттеулерімен, білім беру ісіндегі ұзақ жылғы еңбегімен танымал тұлға. Ол бірнеше буын заңгерлерді тәрбиелеп, Қазақстандағы заң ғылымының дамуына үлкен үлес қосты.
Еркін Көбеев 1959 жылы 31 наурызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында білімін жалғастырды.
Ғылыми және педагогикалық қызметі бірнеше онжылдықты қамтыды. Ол Қарағанды мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, доцент, заң факультетінің деканы және профессор болып еңбек етті.
2000-2001 жылдары Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарды. 2001-2004 жылдары Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде проректор болып жұмыс істеді.
2004 жылдан 2019 жылға дейін осы университетті ректор ретінде басқарды.
Еркін Көбеев 300-ден астам ғылыми еңбек, оқу-әдістемелік құралдар мен мақалаларжазып, Қазақстандағы заң ғылымының дамуына елеулі үлес қосты.
Оның дүниеден өтуі – заңгерлік қауымдастық, әріптестері мен шәкірттері үшін орны толмас қаза.