«ҚҚС - халыққа салынып отырған салық үлкен ауыртпашылық әкеледі. Қазір бағалар өсіп жатса да, халықтың табысы көтеріліп жатқан жоқ. Ал инфляция соңғы жылдары 10%-дың үстінде болып тұр. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, төлем қабілеті төмендеп кеткен уақытта барлығының бағасын көтерейін деп жатыр. Құн салығының шегін 79 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін түсірсе, көптеген компаниялар жабылып, кәсіпкерлер амалсыздан көлеңкелі экономикаға көше бастайды. Бұл қабылданған шешім дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Үкімет экономикалық өсімнен бұрын бірінші кезекте инфляцияны тұрақтандыруға бүкіл назарын аударуы қажет». Бұл пікірді белгілі экономист, сарапшы Мақсат Халық Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.
- Жыл басталғалы елімізде азық-түлік, коммуналдық қызметтер, мобильді байланыс пен интернет тарифтерінің қымбаттауына не себеп болып жатыр және бұл үрдіс болашақта қалай жалғасуы мүмкін?
ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫ ТӨМЕНДЕГЕН УАҚЫТТА БАҒАНЫ КӨТЕРУ - ДҰРЫС ШЕШІМ ЕМЕС
- Қазір коммуналдық төлемдер мен тарифтердің қымбаттауының негізгі себебі – өткен жылы Екібастұзда орын алған жағдайдан басталды. Энергетика саласына ұзақ уақыт бойы жеткілікті инвестиция тартылмаған еді. Өйткені, ол жердегі тарифтердің бағасы ұзақ уақыт бойы қадағаланып, бекітіліп отырды. Ол жерден түсетін пайда аз болғандықтан инвесторлар мен кәсіпкерлер бұл салаға ақша салуды тоқтатты. Соның салдарынан соңғы жылдары энергетикалық инфрақұрылымның тозуы айқын байқалды. Бұл мәселе ондаған жыл бұрын қолға алынуы тиіс болатын. Бірінші кезекте, әрине, халықтың табысын өсіру керек еді. Содан кейін барып тарифтерді де ақырындап, кезең-кезеңімен көтеру қажет болатын. Сол кезде бұл салаға кәсіпкерлер де тартылатып, инфрақұрылым да айтарлықтай жаңартылар еді. Дәл бүгін осындай қиындыққа тап болмас едік.
Қазіргі жағдайға Қаңтар оқиғасынан кейінгі өзгерістер де ықпал етті. Жанармай мен газ бағасына қатысты қоғамда үлкен алаңдаушылық бар. Осы жақында ғана тарифтердің ұсталып тұрмайтыны, жанармай бағасының өсіп, теңестірілетінін және газ бағасының да нарыққа еркіндікке жіберілетіні туралы мәселелер айтылды. Бұның барлығы да жылдар бойы жиналып, енді ғана қолға алынып жатқан жұмыстар. Бұл қабылданған шешім дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Өйткені, бұл бұрын кезең-кезеңімен жүргізілуі қажет жұмыстар еді. Қазір халықтың табысы да өскен жоқ. Ал инфляция соңғы жылдары 10%-дың үстінде болып тұр. Халықтың әлеуметтік жағдайы, төлем қабілеті нашарлап, табысы төмендеп кетті. Дәл осындай кезде тарифтерді өсіріп, барлығының бағасын көтерейін деп жатыр. Бірақ, былай қарасақ, басқа амал да жоқ. Өйткені, бұл салаға инвесторлар келмейді. Егер бағаларды көтермесе, онда жергілікті бюджет тапшылығының орны толтырылмайды. Қазіргі таңда осындай тығырыққа тіреліп отырмыз.
- Қымбатшылықтың алдын алып, бағаның шарықтауын тоқтату үшін елімізде қандай шаралар қабылдануы тиіс деп ойлайсыз?
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНЕН БҰРЫН ИНФЛЯЦИЯНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮКІМЕТТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ БОЛУЫ ТИІС
- Бұл Үкіметтің мойнындағы үлкен жауапкершілік деп айтып жүргеніме біраз уақыт болды. Инфляция мәселесіне қатысты негізінен Ұлттық банктан сұралады. Ұлттық банктің міндеті – инфляцияны тұрақтандыру. Дей тұрғанмен, бұл міндетті орындау жалғыз Ұлттық банктің қолынан келмейтіні о бастан белгілі болған. Бұл үрдіске Үкімет тікелей араласуы қажет. Бізде қарама-қайшылық бар. Ұлттық банк инфляцияны төмендетуге тырысады. Ал Үкімет экономикалық өсімге жауап береді. Соңғы жылдары Президенттің қойған межесі – жалпы ішкі өнімді 450 миллиард долларға дейін жеткізу. Үкіметке жыл сайын 6-7% деңгейінде жалпы ішкі өнімнің өсімін қамтамасыз ету керек деген тапсырма берілген. Міне, осыған Үкімет бар күш-жігерін салады. Экономикалық өсімді сол бағалардың өсімі арқылы қамтамасыз етуге ұмтылады. Өйткені жаңа өндіріс орындарын ашу, зауыт-фабрикаларды салу өте қиын. Бұл ұзақ уақытты және инвестицияны талап етеді. Ал ең оңай және жылдам жолы – тауарлардың бағасының өсімін қамтамасыз ету. Былай қарасаңыз, маған сол қымбатшылықтың орын алып жатқанына Үкімет мүдделі болып көрінеді. Неге? Себебі, тауарлардың бағасы көтерілетін болса, жалпы ішкі өнім де өсіп, экономикалық өсім көрсеткіштері жақсарады. Жалпы ішкі өнім дегеніміз - елде бір жылда шығарылған тауарлар мен атқарылған қызметтердің құны. Егер оның құның өсіре салса, жалпы ішкі өнім де өсе береді.
Сонда өткен жылдардағы жалпы ішкі өнім өсімінің 5%-ды құрауы бағалардың өсуі арқылы қол жеткізіліп отыр деуімізге болады. Бірақ бұл халықтың әлеуметтік жағдайына ешқандай әсер етпейді. Бағалар өсіп жатса да, халықтың табысы көтеріліп жатқан жоқ. Әрине, халықтың жалақысы мүлдем өспей тұр деп айтуымызға болмайды. Соңғы жылдары табыс артқан, бірақ жалақының өсу қарқыны 5%-дан аспайды. Ал инфляция 10%-дың үстінде тұр. Инфляция 3-4 жылға сақталатын болса, бағалар да көтеріледі, сәйкесінше, халықтың табысы қымбатшылықтың артынан қуып жете алмайды. Қазіргі күні керісінше халықтың төлем қабілеті нашарлап жатыр. Сондықтан бірінші кезекте инфляцияны тұрақтандыру мәселесі тұруы қажет. Үкімет осы инфляция мәселесіне қарай бүкіл назарын аударуы керек деп ойлаймын. Қазіргі уақытта экономикалық өсімнен бұрын бірінші кезекте осы инфляцияны тұрақтандыру - Үкіметтің де, Ұлттық банктің де, жалпы биліктің басты міндеті болуы тиіс. Бұл бағытта бірінші кезекте қабылдануы тиіс шаралардың бірі - әр нәрсенің салдарымен күрескенше, түпкі себебіне үңіліп, бағалардың өсуіне алып келген жағдайды анықтап, соған назар аудару керек деп ойлаймын.
Азық-түлік инфляциясын тұрақтандырудың басты жолы – ауыл шаруашылығын қолдау. Бірінші кезекте шаруаларға көмек көрсету. Оларға қарапайым ғана тұқымдарды жеткізіп, оларды жаңартып отыру қажет. Соңғы жылдары бізде осы ауыл шаруашылық саласында тұқымдарды жетілдіру мәселесі назардан тыс қалды. Бұл бағыттағы ғалымдардың еңбегі жоқтың қасы. Тұқымдарды жаңартумен, жетілдірумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының болмауы бізде өте өзекті мәселе болып тұр. Бұл тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдарымыздың көбі қартайып, зейнетке шығып үлгерді. Білікті жас ғалымдар жеткіліксіз. Нәтижесінде, қазір қарап отырсақ, шаруалар көп жағдайда нашар тұқымдармен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл тек бір ғана мәселе. Одан бөлек қойма мәселесі, делдалдар мәселесі, бағаны реттеу, тізбектей берсек басқа да көптеген проблемалар бар. Өнімдер қалаға жеткізілгенде он есе қымбат бағада сатылады. Арада көптеген делдалдар пайда болып, баға келісімдерін жасайды. Бірақ бұған ешкім жазаланбайды да. Міне, Үкімет осы мәселелерге тікелей араласуы қажет. Бірақ Үкімет бұған кірісе қоймайды. Керісінше, ең соңғы нүкте - дүңгіршектер мен сауда орталықтарына барып, «неге баға қымбаттап кеткен» деп күресіп, негізгі проблемаларға мән бермейді. Бұл меніңше дұрыс емес.
- Қосымша құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 20%-ға дейін көтеру халықтың тұрмыс деңгейіне, бизнес өкілдеріне, тауарлар мен қызметтердің бағасына қалай әсер етеді? Бұл бастаманы қолдайсыз ба?
ҚҚС - ХАЛЫҚҚА САЛЫНЫП ОТЫРҒАН САЛЫҚ ҮЛКЕН АУЫРТПАШЫЛЫҚ ӘКЕЛЕДІ
- Қазіргі уақытта қосылған құн салығына байланысты өте үлкен талқылаулар жүріп жатыр. Меніңше, бұл дұрыс, дискуссия жүргізілуі керек. Бір маңызды мәселені айтқым келеді. Президенттің өзі қосылған құн салығын 20%-ға дейін көтеру қажеттігі туралы ұсынысты қолдағаннан кейін көптеген сарапшылар мен экономистер осы позицияны ұстанатын болады. Қалай болғанда да, мәселе осы құн салығын көтеру төңірегінде болады. Бұл түсінікті жағдай. Енді қосымша құн салығы 16% бола ма, 18% бола ма, жоқ әлде 20% бола ма – бұл көпшіліктің талқылауына ұсынылып жатыр. Қалай болғанда да, қосылған қосымша құн салығы бұл - жанама салық. Жанама салық дегеніміз - тікелей кәсіпкерлерге көрінбеуі мүмкін. Бірақ cоңында қосылған құн салығын тұтынушы төлейді. Импорттан тауар әкелетін азаматтар да қосылған құн салығын төлейді. Осылайша, кәсіпкерлер шығындарын өтеу үшін бағаны көтеруге мәжбүр болады. Демек, баға өсіп отырады және ақырында бұл қосымша құн салығын төлейтін де тұтынушылар. Бұл өз кезегінде халықтың төлем қабілетіне теріс әсер етеді. Сондықтан да бұл - халыққа салынып отырған салық деп айтуымызға болады. Көптеген тауардың бағасы қымбаттайды. Тіпті отандық өндірістегі кәсіпкерлер де өз құнын қосып сатады. Осы тұрғыдан алғанда, қосылған құн салығы халыққа үлкен ауыртпашылық әкеледі. Бұл инфляцияға және бағаның өсуіне алып келеді. Үкімет бұл жағдайды білмей отырған жоқ, бәрін біліп отыр. Өздері де сөздерінде бұл қымбатшылыққа алып келеді, бірақ қатты қымбатшылық болмайды деп сендіріп отыр. Біз осы мәселені реттеп алсақ, бюджет кірісін арттырамыз деп жоспарлауда. Бұл жердегі негізгі уәж – бюджет тапшылығын жою.
ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫ ӨССЕ, КӘСІПКЕРЛЕР КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА КӨШЕДІ
- 2025 жылы Қазақстанның бюджет шығыстары 25 триллион теңгені құрап отыр. Ал салықтан түсетін болжамды қаражат көлемі 16 триллион теңгеден асады. Осылайша, бюджетте қазір 9 триллион теңге тапшы. Өткен жылы да осындай тапшылық болған, оның 6 триллион теңгесі Ұлттық қордан аударылған еді. Ал қалғаны халықаралық қаржы институттарынан қарызға алынған. Міне, осындай үрдіс биыл тағы да жалғасайын деп тұр. Сондықтан да салық - бюджеттің кірісінің негізгі бөлігін құрайды. Соның ішінде корпоративтік табыс салығы да өте маңызды. Оны ірі компаниялар төлейді. Егер бұл салықтарды көбейтсе, нарықтың негізгі ойыншыларына тағы үлкен салмақ болатыны айтылып жатыр. Өткен жылы Үкімет осы корпоративтік табыс салығын 20%-дан 24%-ға көтереміз деп айтқан болатын. Бұл мәселе де қоғам арасында үлкен дискуссияға айналып, кейін Олжас Бектенов келген кезде бұл салықты көтермейтіндігін айтқан болатын. Ол кезде де қосымша құн салығын 16%-ға көтеру туралы да әңгіме болған. Бірақ Бектенов келген бетте оны да көтермейміз деген еді. Енді қазір тағы ойланып, қосымша құн салығын көтермесек болмайды деп жатыр. Әрине егер қосымша құн салығын көтеретін болса, бюджеттің кірісін бірден арттыруға болады. Бірақ ол тек қазір солай әсер етуі мүмкін.
Қазір компаниялар жұмыс істеп тұр. Бірақ ертең шағын және орта бизнес өкілдері қиналып қалатын болса, онда көптеген компаниялар жабылады. Болмаса кәсіпкерлер салықтары мен табыстарын жасырып, амалсыздан көлеңкелі экономика өте бастайды. Ал көлеңкелі экономика Қазақстан экономикасына тек қана негативті түрде әсер етеді. Неге? Өйткені, ол есептен тыс ақша айналымын білдіреді. Егер болашақта көлеңкелі экономика көлемі арта беретін болса, ол тіпті еліміздің егемендігіне де, тәуелсіздігіне де үлкен нұқсан келтіреді деп айтуымызға негіз бар. Өткен жылдары соңғы есеп бойынша көлеңкелі экономиканың үлесі ресми түрде 19% деп айтылған еді. Оған дейін 30% болған. Ресми статистика бойынша 19% дегеніміз жалпы ішкі өнімнің шамамен 25 триллион теңгесін құрайды. Бұл да аз қаражат емес. Ал тәуелсіз сарапшылар жалпы ішкі өнімнің 50-60%-ы көлеңкелі экономикада жүр деп болжайды. Егер осы есептеулерді негізге алсақ, көлеңкелі нарықта шамамен 70 триллион теңге қаражат айналып жатыр. Ал егер бұл қаражаттың барлығын заңдастырып, цифрландырсақ, демек олардың барлығына салық салуға болады деген сөз. Жоқ дегенде 10% салықтың өзі 7 триллион теңге бюджетке кіріс әкеледі.
ҚҰН САЛЫҒЫНЫҢ ШЕГІ 15 МЛН ТЕҢГЕГЕ ТӨМЕНДЕСЕ, БҰЛ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮЛКЕН ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗАДЫ
- Менің ойымша, мемлекет осы көлеңкелі экономикамен күрес жүргізуі керек. Ал қосылған қосымша құн салығы көлеңкелі экономика үлесінің артуына тікелей ықпал етуі мүмкін. Неге десеңіз, кәсіпкерлер онсыз да нарықтағы бәсекеге ұмтылып, өнімдерін барынша тиімді бағада шығаруға мүдделі. Ал енді қосылған қосымша құн салығының өсуі сол cалықты төлеуге міндеттейді. Кәсіпкерлер көп ойланбайды. Олар шығынды бірден өздері шығарып отырған өнімнің немесе атқарып отырған қызметінің құнына қосуға мәжбүр болады. Себебі, егер олай жасамаса, кәсіпкерлер бірден шығынға батады. Бұл бір мәселе. Екінші мәселе, құн салығының шегін 79 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін түсіреміз деп жатыр. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қиындықтар туғызады. Мұндай жағдайда әрбір дүңгіршек, әрбір жұмыс істеп тұрған шағын және микробизнес иелері осы салықты төлеуге міндеттелетін болады. Сондықтан да көптеген компаниялар жабылып қалуы мүмкін. Немесе осы қосымша құн салығын төлеу үшін өз қызметтерінің құнын арттыратын болады. Былай қарап отырсаңыз, бұл тағы да инфляцияға, бағалардың өсуіне алып келеді. Экономистер бұл салықтар бюджетке түсіп, халыққа қайтып келеді деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл процесс бірден тез арада жүзеге аса қоймайды. Қымбатшылық орын алады. Үкіметтің атқарып отырған қадамдарының нақты салдарын уақыт өте келе көреміз. Әзірге қазір біз көріп отырған шынайы жағдайымыз осы.
- Cұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы