2026 жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өседі. Ал, бір АЕК 4 325 теңгеге жетеді, деп хабарлайды Alash.kz.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болады. Бұл көрсеткіштер зейнетақы, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыруға негіз болады.
Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды қарап, олармен келісіп, өңірлерге берілетін субвенциялар көлемін 17,5 млрд теңгеге ұлғайтуға шешім қабылдады. Сонымен қатар 2026 жылы өңірлерді дамытуға қосымша 28,5 млрд теңге бөлінуі жоспарланып отыр.
Ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейі
2026 жылы ең төменгі жалақы бұрынғыдай 85 000 теңге болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2026 жылы 50 851 теңгеге(бұған дейін 46 228 тг) жетеді.
Зейнетақы мөлшері
Базалық мемлекеттік зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. 2026 жылы:
- Ең төменгі базалық зейнетақы – 35 596 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы);
- 15 жыл еңбек өтілі бар азаматтар – 40 680 теңге;
- 30 жылдан көп еңбек өтілі барлар – 55 936 теңге.
Ең төменгі зейнетақы 2026 жылы 69 049 теңге деңгейінде бекітілген. Зейнет жас мөлшері өзгеріссіз: ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас.
Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы
- 4 бала – 69 265 теңге;
- 5 бала – 86 598 теңге;
- 6 бала – 103 930 теңге;
- 7 бала – 121 263 теңге;
- 8 және одан көп бала – әр балаға 4 АЕК, яғни кемінде 138 596 теңге.
“Алтын алқа” иегерлеріне – 31 997 теңге, “Күміс алқа” иегерлеріне – 27 680 теңге.
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы
- Бірінші–үшінші балаға – 164 350 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.
Егіз, үшем немесе төртем туылған жағдайда әр балаға бөлек есептеледі.
Бала күтімі бойынша төлем
Жұмыс істемейтін аналарға бір жарым жасқа дейінгі балаға төленетін жәрдемақы:
- Бірінші бала – 24 912 теңге;
- Екінші бала – 29 465 теңге;
- Үшінші бала – 33 951 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балалар – 38 503 теңге.
Егер ана жұмыс істеген болса, төлем соңғы екі жылдағы орташа табысының 40%-ын құрайды.
Асыраушысынан айырылғандарға төлем
Ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес есептеледі:
- Бір балаға – 46 783 теңге;
- Екі адамға – 86 447 теңге;
- Үш адамға – 114 415 теңге;
- Төрт адамға – 132 213 теңге;
- Бес адамға – 139 840 теңге;
- Алты және одан көп адамға – 152 553 теңге.
Екі ата-анасынан айырылған жетім балаға – 78 311 теңге төленеді.
Мүгедектігі бар адамдарға төлем
- 7 жасқа дейінгі мүгедетігі бар балалар – 81 870 теңге;
- 7–18 жасқа дейінгі және бала кезінен мүгедек балалар: I топ – 111 872 теңге, II топ – 93 057 теңге, III топ – 81 870 теңге;
- Ересектер: I топ – 111 872 теңге, II топ – 89 498 теңге, III топ – 61 021 теңге;
- Авария, жарылыс, радиациядан мүгедек болған қызметкерлер: I топ – 163 739 теңге, II топ – 139 840 теңге, III топ – 117 466 теңге;
- Кәсіби әскери және арнаулы органдар қызметкерлері: I топ – 200 357 теңге, II топ – 154 589 теңге, III топ – 117 466 теңге.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-аналарға немесе қамқоршыларға төлем 18 жасқа дейін – 81 870 теңге.