Алматы соты әнші Алмас Кішкенбаевты кәмелетке толмаған жасөспірімге тиіскені үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Alash.kz Kursiv.media сайтына сілтеме жасап.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша, кінәлі тұлғаға 20 АЕК (78 мың теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.
Сот Кішкенбаевтың әрекетін жеңілдететін жағдайларды таппады, керісінше оның мас күйінде болғаны жауапкершілігін ауырлататын мән-жай ретінде бағаланды.
Алматы соты:
«Кішкенбаев ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды», – деп мәлімдеді.
Жәбірленушінің кәмелетке толмауына байланысты сот процесі жабық режимде өтті. Сот шешімі қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ, яғни оған шағым түсіру мүмкіндігі бар.