БҚО соты облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне үкім шығарды. Ол бір жылға жетер-жетпес уақытта 75 млн теңге пара алған, деп хабарлайды Alash.KZ.
БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Әкімшілендіру басқармасының жетекші маманы 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін бір адамнан 75 млн теңге алған. Ақысына «Сырым» өткізу бекеті арқылы жүк көліктерінің кедергісіз әрі жылдам өтуіне көмектескен.
Тергеу кезінде ол жасырынып, ізін суытқан. Өткен жылдың сәуірінде Антикор оған іздеe салып, құнды ақпарат айтқан адамға сыйақы беруге уәде еткен. Соңында күдікті табылды. Сот оны кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол енді мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істей алмайды.
2014 жылғы Toyota Camry автокөлігі мен 2020 жылғы Hyundai Creta автокөлігі тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.