Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Халықаралық конькишілер одағының (ISU) жаңартылған әлемдік рейтингінде екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы еншісіне 4193 балл жазып, бұған дейінгі ең жоғары нәтижесі саналған үшінші сатыдан бір саты жоғарылады. Кестеде 4590 ұпай жинаған америкалық Илья Малинин көш бастап тұр. Ал бұған дейін екінші орында болған жапониялық Юма Кагияма 4123 баллмен үшінші сатыға төмендеді. Рейтингтің үздік бес қатарын 3949 баллмен Жапония спортшысы Шун Сато және 3660 баллмен франциялық Адам Сяо Хим Фа түйіндеп тұр.
Михаил Шайдоров халықаралық жарыстарда жалпы 17 жүлде иеленген. Оның қоржынында 2026 жылғы Олимпиада, 2025 жылғы Төрт құрлық чемпионаты, 2024 және 2025 жылдардағы Денис Тен мемориалы, сондай-ақ 2024 жылғы Challenge Cup турнирлерінің 5 алтын медалі бар. Сондай-ақ ол 2025 жылғы әлем чемпионаты, 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты, Skate America-2025, Қытай Гран-приі-2024, жасөспірімдер арасындағы Baltic Cup-2021 Гран-приі, Golden Spin of Zagreb-2023 және жасөспірімдер арасындағы Bosphorus Cup-2018 бәсекелерінде 7 күміс медаль ұтып алған. Мұнымен қоса, отандық мәнерлеп сырғанаушының еншісінде 2023 мен 2025 жылдардағы Қытай Гран-приі, 2025 жылғы қысқы Азия ойындары, Sofia Trophy-2021 және 2026 жылғы Ондрей Непела мемориалында жеңіп алған 5 қола жүлде бар.