Алматы қаласында 61 жастағы жергілікті тұрғынның аса қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде төрт күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл оқиға қоғам арасында үлкен дау тудырған болатын. Себебі әлеуметтік желілерде белгісіз біреудің көпқабатты үйдің кіреберісінен өлі денесі бар немесе басына пакет кигізілген адамды сыртқа алып шығып жатқан сәті түсірілген видео тарап кеткен еді. Осы бейнежазбадан кейін полиция қызметкерлері дереу тексеру жұмыстарын бастады.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, күдікті ретінде төрт адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеушілер бұл қаскөйлердің марқұмның мүлкіне, атап айтқанда пәтерін заңсыз жолмен тартып алу немесе иемдену әрекеттеріне қатысы бар-жоғын мұқият тексеріп жатыр.
Аталмыш резонанстық іс қарапайым халықтың ғана емес, билік өкілдерінің де назарынан тыс қалмады. Тергеу амалдарының барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің тікелей және ерекше бақылауына алынды.