Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Басты оқиға! Бірқатар елге жаңа рейстер ашылды»: Air Astana қысқы маусымда жаңа бағыттар ашады

11:00, 28 қазан 2026

Air Astana әуе компаниясы 25 қазаннан бастап келесі жылғы 27 наурызға дейін жалғасатын қысқы кестеге көшті, деп хабарлайды Alash.kz.

Әуе компаниясының мәліметінше, жаңа күзгі-қысқы маусымда тасымалдаушы Жапонияға тікелей рейстер аша отырып, жаңа экзотикалық бағыттарды ұсына және анағұрлым сұранысқа ие курорттық бағыттарында ұшу жиілігін арттыра отырып, ұшу географиясын едәуір кеңейтеді.

Маусымның басты оқиғасы 2026 жылғы 30 қарашада басталатын және аптасына екі рет орындалатын Алматы-Токио (Нарита әуежайы) бағыты бойынша тұрақты әуе байланысы болады. Бұдан басқа, әуе компаниясы Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыстағы жайғасымын күшейтуде: 11 желтоқсаннан бастап сейсенбі және жұма күндері Алматыдан күнделікті ұшуларды толықтыратын Астана-Бангкок тікелей рейстері іске қосылады. Сондай-ақ, кестеге Алматы мен Астанадан Салалаға (Оман) 23 қазаннан бастап жаңа рейстер енгізілді, ал 25 желтоқсаннан аралдық демалысты сүйетіндер Алматыдан Малайзияның Лангкави аралына аптасына үш рет қатынай алады.

Жаңа бағыттармен бірге Air Astana танымал жағажай бағдарламасын жаңартып, кеңейтеді. Қазан айының соңынан бастап Алматыдан Мальдивке ұшақ аптасына алты рет қатынайды, бұл Жаңа жыл мен Наурыз мерекелері кезінде күнделікті ұшуға дейін ұлғайтылады. Вьетнамның Фукуок аралына рейстер Алматыдан аптасына бес рет және Астанадан аптасына үш рет орындалады. БАӘ мен Таиландқа негізгі бағыттарда жиіліктерді арттыру көзделген: Дубайға рейстер саны аптасына Алматыдан 12-ге дейін және Астанадан 10-ға дейін, ал Алматыдан Пхукетке - желтоқсанның басынан бастап аптасына жетіден тоғызға дейін артады. Бұған қосымша әуе компания Алматы - Шанхай және Астана - Гуанчжоу бағыттары бойынша тұрақты ұшуларды жалғастырады.

Сонымен қатар, Air Astana компаниялар тобы елордадан халықаралық әуе қатынасын дамытуда. 2026 жылы Астанадан бір жыл бұрын іске қосылған жеті бағытқа қоса Гуанчжоу, Бангкок, Ларнака, Даламан, Батуми, Ыстықкөл, Салала және Инин сияқты сегіз тұрақты және чартерлік бағыт ашылды. Осы рейстердің барлығын ескере отырып, топтың елордадан ұшу географиясы негізгі іскерлік орталықтар мен танымал курорттарды біріктіретін 32 бағытқа дейін кеңейді. Сонымен қатар, Астанадан ұшатын апталық халықаралық рейстердің жалпы саны 99-дан 116-ға дейін өсті.

"2026–2027 жылдардың қысқы маусымында Air Astana халықаралық маршруттық желісін кеңейтіп, Токио, Салала және Лангкави бағыттарын ашады. Мальдив, Пхукет және Дубайға рейстер жиілігін арттыру жолаушыларға қысқы демалыс пен мерекелік сапарларды ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Air Astana коммерциялық жоспарлау және кірісті басқару жөніндегі аға вице-президент Ерболат Байсалыков.

Саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін Air Astana еліміздің екі ірі хабынан - Алматы мен Астанадан біршама икемді түйісу кестесін ұсынады. Жолаушылар ұшу кестесімен толық таныса алады, әуе билеттердің құнын біле алады және саяхатты әуе компаниясының ресми сайтынан, мобильді қосымшадан немесе тіркелген агенттіктерден брондай алады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар