Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бас мүфти «ифтар» емес, «ауызашар» деп қазақ тілінде айтуға шақырды

10:46, 11 наурыз 2024 584

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ораза алдында діни басқарма діни түсініктерді қалай атайтынын айтты.  Ол қазақстандықтарды діни сөздерді қазақ тілінде айтуға шақырды.

«Ата-бабалардан бізге жеткен салт-дәстүрлеріміз бар, Құдайға шүкір. Дініміз Исламмен сабақтасып кеткен. Соны сақтап қалу мақсатында көп жұмыс жасалып жатыр. Жақында ғана «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы жарық көрді. Яғни, бізге Ислам қашан келді, оны бабаларымыз қалай ұстады, қандай бағытта жүрді – осының барлығы сол жерде көрсетілген. Осы кітаптар елімізге кеңінен тарап жатыр. Дәстүрдің құндылығы аясында оразаға қатысты дүниелерді айттық. Мысалы оразаға қатысты сырттан келген сөздер бар. Мысалы сәресін біз сәресі деп келдік, кейбір жастарымыз оны «сухой» деп кетті. Сәресі деп айтайық. Түсінікті тіл. Оны да біреулер ифтар деп айтып кетті. Кейбір сөздерді ағылшын тілінде айтып жатады. Көршілес орыс тілінде айтылатын сөздер бар. Бірақ біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік деген мақсатта осы үндеулерді айттық», – дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Наурызбай қажы Тағанұлы шет тілдерін қосып сөйлеу діни ортада ғана емес, күнделікті өмірде де көбейіп кеткенін тілге тиек етті. Тіпті күнделікті өмірде жастар аға, інім, бауырым демей, «брат», «братжан» деп сөйлейтінін алға тартты.

«Біз оразаға қатысты дүниелерді айттық. Бұрындары маған бір кісінің «Абайдан артық Алланы таныған қазақ бар ма? Абайдың өзі Алла деп жазды ғой" дегені бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейінгі пәтуаларында айтқан: яғни Аллах емес, Алла деп айтайық дедік. Қазаққа сіңімді, жақын сөз ғой. Алла Тағала деп айтамыз. Осыны да үндеуге қосып кеттік. Осындай сөздерді халқымызға насихат ретінде айттық», – дейді Бас мүфти.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар