Армения парламентіндегі отырыс депутаттар арасындағы жанжалға ұласып, соңы жаппай төбелеспен аяқталды. Оқиғаға биліктегі және оппозициядағы саяси күштердің өкілдері қатысқан, деп жазады Alash.kz.
Жанжалға биліктегі «Азаматтық келісім» партиясының өкілі оппозициялық «Күшті Армения» партиясына қатысты өткір мәлімдеме жасағаны себеп болған. Осыдан кейін депутаттар Тарон Чахоян мен Нарек Карапетян арасында сөзге келу басталып, көп ұзамай жағдай ушығып кеткен.
Алғашқыда екі депутаттың арасындағы келіспеушілікке олардың жақтастары араласқан. Кейін жанжал кеңейіп, парламент залында отырған басқа депутаттар да төбелеске қосылған.
Жағдайды бақылауға алу және жанжалдасқан тараптарды ажырату үшін парламенттің қауіпсіздік қызметі шақырылды. Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері де келген.
Тәртіпсіздікке байланысты парламент спикері отырысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Оқиға Армения парламентіндегі саяси күштер арасындағы текетірестің шиеленіскенін көрсетті. Дегенмен төбелестен зардап шеккендер бар-жоғы және оқиғаға байланысты қандай да бір ресми шара қабылданғаны туралы қосымша ақпарат ұсынылмаған.