Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бәрі үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевқа қалдырылғаны туралы заңды өсиет бар". Болат Назарбаевтың мұрасы қалай бөлінеді?

16:17, 27 мамыр 2024 1211

Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі марқұм Болат Назарбаевтың аты біраз даулы істермен қатысы бар. Оған қатысты жер мәселесі бойынша да іс көтерілген, - деп хабарлайды Alash.kz сайты.  

"13 мамырда Болат Назарбаев қайтыс болғанына жарты жыл болды. Оның бизнес империясы көзі тірісінде үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевтың қолына өтті. Экс-президенттің інісі өсиет қалдырған, оны 2014 жылы жазған. Құжат бойынша барлық мүлік Нұрболға берілген", - деп жазды Dalanews.kz сайты CMN.KZ ке сілтеп.

Басылым Болат Назарбаевтың активтері бойынша соттарға қатысып, оның мүлкі үшін күрес әлі неге аяқталмағанын анықтап көрген.

Болат Назарбаевтың Гүлжан, Майра және Гүлнұр Назарбаева есімді әйелдері болғаны жиі айтылады. Басылым мәліметіне сүйенсек, Болат Назарбаевтың 20 баласы бар.

"Ол қайтыс болған кезде балалардың көпшілігі кәмелет жасына толмаған немесе жоғары оқу орындарында оқып жатқан. Сонымен қатар, Болат Назарбаев Динара Мәметековамен некеге тұрды. Нұрбол Назарбаевтан бөлек, тағы 14 адам мұраға үміткер. Ал Болат Назарбаевтың өсиет жазып кеткені туралы ақпарат ресми түрде 2024 жылы 4 қаңтарда белгілі болды.

Экс-президенттің інісі қайтыс болғанға дейін Алматының Бостандық аудандық сотында "А" класты бизнес-орталық – BNC Plaza жері үшін соттасқан. Талапкер оның екінші әйелі Майра Құрманғалиеваның әпкесі Гүлжамал болды. Ал жауапкер - Болат Назарбаевтың өзі, "PrimeCapital Re Plaza" ЖШС" - деп жазылған басылым мәліметінде.

Гулжамал Құрманғалидің айтуынша, оның әкесі Саудабай Құрманғалиев күйеу баласына Тимирязев көшесіндегі бизнес-орталықтың учаскесін сатпаған. Ол Бостандық ауданының сотынан мүлікті сатып алу-сату шарты мен қабылдау-беру актісін жарамсыз деп тануды сұрады.

"Тараптар даулы құжатқа 1999 жылы 25 қыркүйекте қол қойды. Ол бойынша Болат Назарбаевқа 1688 шаршы метр үй-жайы бар 25 сотық жер бөлінді. Жаңа мүлік үшін экс-президенттің інісі 765 мың теңге төлеген. Келісім Шымкентте жасалған, дегенмен олар мұны Алматының Бостандық ауданында жасауы керек еді.

Талапкердің адвокаты Дмитрий Сазонов сотта басқа сату шартына сілтеме жасады. Құжат 1999 жылдың 29 қыркүйегінде жазылған. Ол Назарбаевпен арада жасалған шартқа төрт күн өткен соң жасалыпты. Сондай-ақ, учаскенің құны мен оның мөлшерінде айырмашылық бар. 14 сотық үшін Саудабай Құрманғалиев 1,6 миллион теңге төлеген. Ал қалған 13 сотықты Данияр Кесікбаев алған, ол - Майра Құрманғалиеваның бірінші некеден туған ұлы", - деп жазылған деректе.

Жағдайды түсіну үшін судья Әйгерім Телбаева "Алматы азаматтарына арналған Үкіметтен" жылжымайтын мүлік бойынша тіркеу ісін және меншік құқығының ауысу тарихы бар құқықтарды тіркеу туралы анықтаманы сұрады. Құжаттар 2023 жылғы 2 қарашаға дейін ұсынылуы керек еді. Сондай-ақ, судья құжат шынайы екенін тексеру үшін Шымкент нотариаттық мұрағатынан тіркеу нотариаттық ісін және жазбалары бар тіркеу журналын талап етті.

"Алайда мұрағаттан құжаттар табылған жоқ. Нотариус Ғазиза Бектұрсынова да мәмілені растай алмады. Әйел оның басқа мөрі барын көрсетті. Сонымен қатар, құжатта тегі мен әкесінің аты қате көрсетілген. Бектұрсынова тіпті полициядан оның деректерін қолдан жасағандарды табуды талап етті", - деп жазылған басылым мәліметінде.

Болат Назарбаев 2023 жылы 13 қарашада қайтыс болды. Ол келесі күні жерленді. Судья Телбаева осы күнге сот отырысын тағайындады. Адвокат Сазонов мұрагерлер анықталғанға дейін сот процесін тоқтата тұруға өтініш білдірді. Сол кезде Болат Назарбаевтың өкілдері де істі тоқтатуды сұрады. Кейін сот істі тоқтата тұруға қаулы берді.

"Мемлекет мұрагерлерге активтерді рәсімдеуге алты ай уақыт берді. Сот осы мерзімді ескеріп, 2024 жылғы мамырға отырысты жоспарлады. Отырыс онлайн форматта өтті. Сотқа талапкердің адвокаты Дмитрий Сазонов пен Болат Назарбаевтың бұрынғы адвокаттары - Тимур Ибайділдаев пен Жалғас Асқаров қосылды. Енді олар Нұрбол Назарбаевтың мүддесін қорғайтыны белгілі болды.

Сотта Гүлжамал Құрманғалидың өкілі марқұмның мұрагерлерін іске тарту туралы өтініш білдірді. Сазонов бұрынғы президенттің інісінің мүлкіне құқығы бар 14 есім мен фамилияны атады", - деп жазылған деректе. 

"Негізгі жауапкер - өсиет бойынша мұрагер. Бірақ басқалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге болмайды, сондықтан оларды заң бойынша тартуды сұраймыз", - деді талапкердің адвокаты Дмитрий Сазонов.

Жауапкер тарап соттан шешім шығармай күтуді сұрады. Өйткені мұрагерлік істі жүргізетін нотариус демалыста болып шықты. Ол Болат Назарбаевтың балаларына, жұбайына бірде-бір құжат бермеген. Мұрагерлік туралы куәлік маусымның басында беріледі.

"Бәрі үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевқа қалдырылғаны туралы заңды өсиет бар. Әзірге мұрагерлік құқығы түпкілікті рәсімделмеген, өйткені бірнеше үміткер бар. Біздің сенімгер әлі мұрагерлік құқығына кірген жоқ. Сондықтан істі одан әрі қараудың қажеті жоқ. Біз нотариус келуін күтуіміз керек", - деді Назарбаевтардың өкілі.

Судья Әйгерім Телбаева нотариусты және әрбір мұрагердің үлесін бөлуді күтпеуді ұйғары. Оның пікірінше, іс ұзаққа созылып кеткен. Мұрагерлерге өз құқықтарын рәсімдеуге жеткілікті уақыт берілген. Судья сотталушының қайтыс болуына байланысты істі тоқтатты.

"Мұрагерлер мұраны уақтылы қабылдамады. Отырыста жауапкердің адвокаттары Нұрбол және басқа да бірнеше бала мұрагер екенін айтты. Алайда олар мұраны қабылдамады, өйткені мұрагерлік мүлік көп. Қазір нотариус еңбек демалысында және барлығына заң бойынша мұра туралы куәлік беруге уақыты жетпейді. Егер азамат қайтыс болғаннан кейін құқықтық жағынан мирас берілмесе, сот іс жүргізуді тоқтатады", - деді судья.

Тараптар соттың ұйғарымына апелляциялық шағым жасай алатыны белгілі болды. Сонымен қатар, судья талапкер мұрагерлер анықталғаннан кейін тағы бір рет талап қоюға құқылы екенін айтты.

"Бұл Болат Назарбаев пен Құрманғалиевтер отбасының Тимирязев көшесіндегі жер үшін болып отырған алғашқы соты емес. Бұған дейін Майра Құрманғалиеваның бірінші некесінен туған ұлы Данияр Кесікбаев 25 сотық жерге иелік еткен. Сол кездерде ол Данияр Болатұлы Назарбаев болды.

Бұл жерді оған бұрынғы президенттің інісі өзі сыйға тартқан. Данияр Кесікбаев учаскеде бизнес-орталық пен қонақүй кешенін салады деп болжанған болатын. Мамандар 2004 жылғы бағам бойынша 25 сотық жерді 1 млрд теңгеге немесе 8 миллион долларға бағалады.

Майра Құрманғалиевамен ажырасқаннан кейін экс-президенттің інісі тегін қайтарып алып, оған қоса Данияр Кесікбаевқа жасаған сыйлығын қайтаруды шешті. 2012 жылы Бостандық аудандық азаматтық істер соты мегаполистің элиталық ауданындағы учаскені Болат Назарбаевқа қайтарып берді", - деп жазды басылым.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар