Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Ыстамбұлдағы магнитудасы 6,2 балл болған жер сілкінісінің видеосын жариялады. Бұл туралы ALASH.KZ порталы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі бүгінде Ыстамбұл қаласында тұрып жатыр.
“Дүкенде жүр едік. Іші шайқалып кетті. Бәріміз далаға атып шықтық. Алла сақтасын! Ыстамбұлды бір жер сілкінісі болады деген. Осымен бәрі бітсе екен. Бәрі бала-шағамен далада, босып жүр. Қайбір жылы 50 мың адамның өмірін қиған жер сілкінісі болып еді. Қаншама халық қырылып қалды. Адамдар паника болып жатыр. Халық қатты қорқып қалған”, – деді психолог-коуч.
Еске салайық, Түркиядағы жер сілкінісінен 236 адам зардап шеккенін жазған едік.
Жер сілкінген кезде дүрбелеңнен көптеген адам биіктен секірген. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, барлығына медициналық көмек көрсетілді. Түркияның денсаулық сақтау министрлігі құрбандар туралы мәліметті әлі айтпады.
Бұған дейін, 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы 11 провинцияда 7,8 және 7,5 балдық екі қуатты жер сілкінісі тіркелді. Бірнеше мың афтершоктардан кейін жүздеген мың ғимарат қираған немесе бүлінген. Осылайша, 53 мыңнан астам адам көз жұмды. Сонымен қатар көршілес Сирияның солтүстік аймақтарында тағы 6 мың адам қаза тапқан еді.