Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бар қазақтың сүйікті депутаты Асхат Аймағамбетов өміріне өзгеріс енгізген нақты шешімін атады

19:00, 23 сәуір 2025 1337

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кітап күніне орай өзінің бала кезін есіне алды, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Ол өз жазбасында кітап оқығанның еш айыбы жоғын, керісінше, барлық ізгі амалдардың басталатынын айтты.

Бүгін – Кітап күні. 

Бұл күн мен үшін ерекше. Себебі өмірімде үлкен өзгерістерге жол ашқан, мені өзгерткен нәрсе болса – ол кітап. Балалық шағымда ауыл кітапханасының әр бұрышын аралап, әр бетін парақтап, кейіпкермен бірге қиял әлеміне сүңгіп кететінмін. Солардың ішінде Есенберлиннің кейіпкерлері мені ойландырса, Бредбери мен Азимовтың фантастикалық әлемдері қиялыма қанат бітіретін. Ғылыми фантастика – бала кезден сүйікті жанрым. Айзек Азимов, Рэй Бредбери, Стругацкийлер, Хайнлайн, Саймак… Олардың шығармалары күн сайын жаңа сұрақтар қойып, менің ойымды ұштай түсті. Үйімізде кітап сөрелері көп болатын. Ата-анамның кітап оқығанын көріп өскендіктен, менде де кітапсүйгіштік ерте пайда болды. Қазір өзім ата-ана болғалы — балаларыма ертегі оқып беру, бірге оқу менің күнделікті әдетіме айналды. Олармен бірге Соқпақпаев пен Есенберлинді, Дюма мен Бредбериді, Пеппи мен Том Сойерді, қазақ ертегілері мен аңыздарын оқимыз. Бұл — жай ғана бірге өткізілген уақыт емес, бұл — бауыр басу, ой бөлісу, бір-біріңді тереңірек түсіну. Біз PISA, TIMSS сияқты халықаралық зерттеулерді жарияладық. Онда бір қарапайым, бірақ маңызды заңдылық анықталған: үйінде кітаптары бар, ата-анасымен бірге оқитын балалар – мектепте жақсы оқиды, үлгерімі 1–2 жылға жоғары, ал болашақта жалақысы да көбірек болады. Бұл жай ғана статистика емес – бұл өмірдің өзі. Кітап — тәрбие, көзқарас, құндылық, қиял, логика, сенім және прагматикалық тұрғыда — жақсы жұмыс пен лайықты жалақы. Қызметте де, адаммен сөйлескенде де, менің ішкі тірегім — оқыған кітаптарым. Олар менің көзқарасымды, құндылықтарымды қалыптастырды, сенімімді тереңдетті, дауысымды айқынырақ шығаруға көмектесті. Сондықтан ұсынысым — үйдегі балалармен бірге кітап оқу және күніне кем дегенде 30 минутты кітапқа арнау. Жанұямен, балаңызбен немесе өзіңізбен жалғыз болыңыз — айырмашылығы жоқ. Ең бастысы – оқуға уақыт табайық.”, деп жазды ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар