Әзербайжанның Гянджа қаласында күйеуі әйелін балта мен арматурамен ұрып, ауыр жарақат салған, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Bakupost.az сайтының хабарлауынша, оқиға 28 ақпанда болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Эльхан Вакифұлы Абдиев (Elxan Vaqif oğlu Abdiyev) түнгі сағат 12-ден таңғы 5-ке дейін 1991 жылы туған әйелі Хумай Герайқызы Абдиеваны (Humay Gəray qızı Abdiyeva) азаптап, қатыгездікпен ұрып-соққан.
Ол әйелін 12 жастағы Мазахир және 7 жастағы Нилай есімді балаларының көзінше балта және арматурамен ұрып, басы мен денесінің түрлі жерлеріне ауыр жарақаттар салған.
Осы әрекетімен шектелмей, оны жуынатын бөлмеге сүйреп апарып, шашынан ұстап, бірнеше рет қабырғаға соққан.
Шабуылшы жуынатын бөлмеде де қорлауын жалғастырып, әйелінің шашынан сүйреп, басын қабырғаға бірнеше рет соққан.
Сонымен қатар, әйелін және балаларын өлтіретінін айтып қорқытқан.
Белгілі болғандай, Эльхан Абдиев қылмыс жасамас бұрын әріптесіне қоңырау шалып, ертең жұмысқа бармайтынын айтқан. Бұл оның қылмысты алдын ала жоспарлағанын көрсетеді.
Жәбірленуші өзі медбике болып жұмыс істейтін Гянджа халықаралық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр.
Күдікті қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.