Атырауда бұрынғы күйеуі сот шешіміне қарамастан балаларын жасырып, анасына қайтармай келген әйелдің мәселесі оң шешімін тапты, деп хабарлайды Alash.kz..
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қала тұрғыны Әлия Мақсұтованың айтуынша, ерлі-зайыптылар 2023 жылы ажырасқан және сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған балалар анасымен бірге тұруы тиіс болған. Алайда балалардың әкесі белгіленген кездесу уақытын пайдаланып, балаларды белгісіз бағытқа алып кетіп, байланысқа шықпай қойған. Жәбірленуші тараптың мәліметінше, ол ажырасқан сәттен бастап бұрынғы жолдасының соңынан түсуі мен балаларды заңсыз иемденуіне қатысты полицияға 10 рет шағымданған.
Іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері ер адамның жасырынған жерін анықтады. Ол бастапқыда ұлын анасына қайтарғанымен, қызын жасыруды жалғастырған. Кейіннен бала әкесінің ата-анасының үйінен табылып, заңды қамқоршысына аман-есен тапсырылды.
Қазіргі таңда күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, оның іс-әрекетіне құқықтық баға беру мақсатында тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.