Адам ағзасының заңсыз саудасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың мүшесі Польшадан Қазақстанға экстрадицияланды. Күдікті елуден астам заңсыз ота жасау дерегіне қатысты деп айыпталуда, деп хабарлайды Alash.kz Қазақстанның Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Бас прокуратураның мәліметінше, 35 жастағы Украина азаматы Ксения П. 2017–2018 жылдары халықаралық деңгейде әрекет еткен ұйымдасқан топтың құрамында болған. Ол донорлар мен алушыларды іздестіру, олардың өзара кездесулерін ұйымдастыру және 56 заңсыз операцияның жүзеге асырылуына тікелей атсалысқан.
Қылмыстық топтың қызметі Қазақстаннан бөлек Армения, Әзірбайжан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд сияқты бірнеше мемлекетті қамтыған. Күдіктіге 2020 жылы халықаралық іздеу жарияланып, нәтижесінде ол 2025 жылдың наурызында Польша аумағында қолға түсті.
Қазіргі таңда Ксения П. тергеу изоляторына қамалып, оның ісі бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер оның кінәсі толық дәлелденсе, ол 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.