Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Ливияның жоғары генералы қаза болған” - Түркияда орын алған ұшақ апаты туралы тың дерек шықты (ФОТО)

09:32, 24 желтоқсан 2025

Түркияда ұшақ апаты болып, Ливияның жоғары лауазымды әскери басшылығы қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.

Анкарадан Триполиге бағыт алған жекеменшік ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан Ливия Қарулы Күштері Бас штабының төрағасы, генерал Мұхаммед Әли әл-Хаддад пен оның серіктестері мерт болды. Сейсенбі күні кешке орын алған бұл оқиғаны Түркия билігі растап, қазіргі уақытта апаттың себептері зерттеліп жатқанын хабарлады.

Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікайдың ресми мәлімдемесіне сәйкес, Falcon маркалы бизнес-джет Анкараның Есенбұға әуежайынан жергілікті уақытпен сағат 20:10-да ұшып шыққан. Алайда арада 40 минут өткенде, ұшақ Анкарадан 74 шақырым жерде орналасқан Хаймана елді мекенінің аспанында байланыстан үзіліп кеткен. Көп ұзамай апат болған аумақтан әуе кемесінің сынықтары табылды.

Жолаушылар тізімінде генерал Мұхаммед Әли әл-Хаддадтан бөлек, тағы төрт адам болғаны белгілі болды. Ливия үкіметі өз әскерінің бас штабы жетекшісі мен қасындағы әскери шенеуніктердің қазасын ресми түрде мойындады. Түрік БАҚ-тары жариялаған бейнежазбаларда ұшақ байланыстан үзілер алдында аспанда кенеттен жарқыл пайда болып, соңы жарылысқа ұласқаны анық көрінеді.

Бұл оқиға Түркия мен Ливия арасындағы тығыз әскери-саяси байланыстар фонында орын алып отыр. Анкара БҰҰ тарапынан танылған Ливия үкіметіне көп жылдар бойы әскери және экономикалық тұрғыдан қолдау көрсетіп келеді. Осыған байланысты, Ливияның жоғары лауазымды шенеуніктерінің қазасы аймақтағы саяси жағдайға әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылуда. Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар