Түркістан облысының Ордабасы ауданында биылғы жылдың маусым айында болған жан түршігерлік оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Шымкенттегі медицина колледжінің 1-курс студенті, 16 жастағы бойжеткеннің өліміне кінәлі деп танылған 38 жастағы шетелдік азамат өмірінің соңына дейін Қазақстан түрмесінде жазасын өтейтін болды.
Тергеу мәліметтері бойынша, сотталушы Төрткүл ауылындағы наубайханада жұмыс істеген. Ол демалыс кезінде ата-анасына көмектесу үшін дүкенге жұмысқа шыққан кәмелетке толмаған қызды бақылап, түнгі уақытта ешкімнің жоқтығын пайдаланған. Сотталушының ҚР Қылмыстық кодексінің 99, 120 және 121-баптары бойынша кінәсі бейнежазбалар мен сараптамалар арқылы толық дәлелденді.
Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев қылмыстың мән-жайын былай деп түсіндірді:
"Азық-түлік дүкенінен кәмелетке толмаған жәбірленуші 2009 жылы туған дүкенде көріп, оған әдеттегідей нан өткізіп, нан ақшасын алып күткен. Түнгі бір шамасында ешкімнің жоқтығын пайдаланып, күш қолданып, зорлау және сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған. Одан кейін сотталушы өзінің қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқан".
Сот шешімімен моральдық шығын ретінде 50 миллион теңге өтемақы тағайындалды. Алайда сотталушының әкесі Абдімомын Саммудинов үкіммен келіспейтінін білдіріп, өз сөзінде былай деді:
"Экспертизаны 1-2 рет алу керек. Менің баламнан 5 рет экспертиза алды. Қайта-қайта. Ең соңғысы 18 қазанда болды. Болуы мүмкін, болуы мүмкін деп барлығынан шығып жатыр ғой. Қасында істегендерден де болуы мүмкін деп шығып жатыр. Балама жала жапты".
Еске салсақ, қайғылы жағдай 7 маусымда болған еді. Бойжеткеннің денесін жол бойынан ауыл тұрғындары тауып алған болатын.