Батыс Қазақстан облысында туып-өскен Наташа Қалымбетова (желіде Nati деген лақап атпен танымал) 32 жылдан астам уақыт бойы іздеген қызымен АҚШ-та кездесіп, генетикалық ДНҚ-тест нәтижесінің 99,99999% оң болып шыққанын қуана хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Бұл сұмдық тағдыр жолы 30 жылдан астам уақыт бұрын басталған еді. Орал өңіріндегі ауылдардың бірінде 17 жастағы бойжеткен кезінде ауылдастары тарапынан топтық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ол, кейін қыз бала босанған. Алайда, сол кездегі қоғамдық қысым мен туған-туыстарының теріс айналуы салдарынан сәбиінен айырылып, нәрестені кейіннен америкалық отбасы асырап алған еді. Арада жылдар өтіп, әділдік іздеп, әрі қызын табуды мақсат еткен Наташа бұл қайғылы оқиғаны көпшілікке жария етіп, құқық қорғау органдарына арызданды. Нәтижесінде АҚШ-та тұратын қызымен байланыс орнатып, мүлкін сатып, Сиэтл қаласына арнайы ұшып барған.
Америкада өткізілген сараптама қорытындысы ана мен баланың туыстық байланысын толық дәлелдеді. Жүрегі жарыла қуанған Наташа Қалымбетова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ДНҚ қорытындысын суретке түсіріп, қазақстандықтарға арнап келесідей эмоционалды төл сөзін жазды:
«Біз үшін алаңдаған барша жанға үлкен алғысымды білдіремін! Біз бір-бірімізді таптық! Құдайға шүкір! Халқыма шүкір! Біз өте бақыттымыз! Енді мен екі дені сау баланың – қыз бен ұлдың толыққанды анасымын! Тфү-тфү-тфү! ДНҚ расталды, қорытындысы 99,99999% оң нәтиже көрсетті», — деп сүйінші сұрады.