Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақ өнері үшін орны толмас қаза». Қаралы хабар: Белгілі актер 81 жасында өмірден өтті

22:00, 02 қараша 2026

Қазақ өнерінің абыз ақсақалы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Мұқан Шакиров 81 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Alash.kz. 

Қаралы хабарды Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры хабарлады. Мұқан Шакиров 1945 жылғы 14 қаңтарда Отырар ауданының Балтакөл ауылында дүниеге келген. 

1971 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Алматы облыстық театрында бастап, кейін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет атқарған. 

1981 жылы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына актер болып қабылданып, осы өнер ордасында қырық жылдан астам уақыт еңбек етті. 2025 жылдың қаңтарында зейнеткерлік демалысқа шықты.

«Саналы ғұмырын сахна өнеріне арнаған Мұқан Шакиров қазақ театрының дамуына елеулі үлес қосты. Оның өнерге деген адалдығы, кәсіби шеберлігі мен көп жылғы еңбегі әріптестері арасында зор құрметке ие болды. Өнер иесі артында тағылымды ғұмыр мен өшпес шығармашылық мұра қалдырды.

Мұқан Шакировтың өмірден өтуі – театр ұжымы мен қазақ өнері үшін орны толмас қаза. Марқұмның жарқын бейнесі мен есімі әріптестерінің жадында мәңгі сақталады.

Отбасына, туған-туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Иманы саламат, топырағы торқа болсын!», – делінген хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар